Айрықтан IT-ге дейінгі алты кезең: Тәуелсіздік жылдары ел экономикасы қалай дамыды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде 34-орынға тұрақтады. Жастарды жұмыспен қамту, ЖІӨ өсімі және электр энергиясының тарифі секілді көрсеткіштерде көш бастап тұрмыз. Осы орайда Kazinform тілшісі ел тарихын қалыптастырған маңызды экономикалық шешімдер мен олардың нәтижесіне шолу жасап көрді.
Экономиканың даму динамикасын толық бағамдау үшін шартты түрде бірнеше кезеңді бөле қарау маңызды. Себебі әр жылдардағы саяси-әлеуметтік ахуал жаңа экономикалық шешімдерді қажет еткенін білеміз. Әлемдік қаржы дағдарыстары, бюджет ыңғайы, мемлекетаралық қарым-қатынастар елдің әлеуетін құбылтып отырды.
Бастау: нарықтық экономикаға бір қадам
Кеңес үкіметі күйреген шақта Қазақстанның еңсе тіктеп, енші алуы экономикалық тұрғыда оңайға соқпады. Қаншама жыл ізге түскен өнеркәсіп бір сәтте тұралағанда тұрмысымыз нашарлағанын көрдік. Жұмыссыздардың саны артып, жалақы, әлеуметтік төлемдер кідірді. Сол кезде Үкімет алдында мемлекеттің қаржылық құрылымы мен нарық талабын қайта әзірлеу міндеті тұрды, ал оған ресурс шектеулі әрі нарықтық экономикада тәжірибе жоқ-тын.
Сарапшылар бұл уақытты өтпелі кезең деп бағалайды. Алайда дәл осы өтпелі кезең бүгінгі бағдарымызды айқындаған еді. Алғаш дағдарысқа қарсы бағдарламалар, кәсіпкерлікті демеуге бағытталған заңдар мен нарықтық реформалар қабылданды. Қазақ қоғамы әлем үшін үйреншікті, бірақ бізге беймәлім өзгерісті бастан өткерді – мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру, бағаны бақылау, ұлттық валютаны енгiзу айтулы жаңалық болғаны жасырын емес.

Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов мемлекет 1990-1996 жылдар аралығында ең тиімді нұсқаны таңдағанына сенімді. Дегенмен, мұның бәрі нарықтық экономикаға жеңіл өтуге септескенімен, халық үшін ауыр шаққа айналды.
– Ең бастысы, нарықтық институттарда бірізділік қалыптасқанын мойындау керек. Банктер, сақтандыру компаниялары, салық жүйесi, кеден қызметi, ұлттық компаниялар жұмысы заң аясында орнықты десек болады. Әрине, аталған шаралар сол кезеңдегі ЖІӨ-нің құлдырауы мен елдегі кедейлік деңгейінің өсуіне түрткі болды, бірақ қазіргі жағдайымызға, әсіресе Орталық Азиядағы көшбасшылығымыздың бастау болғанын ұмытпауымыз керек. Барлық дерлік посткеңестік елдер осы күйден өтті, – деді Азамат Нұрсейітов.
Алғашқы кезеңде терең өндірістік күйзеліс пен инфляцияның шарықтау шегі орнады дедік. Мұндайда бұйығы күйде қалуға болмайтын. Әлеммен алыс-берісті ұлғайтып, ғаламдық айналымға қосылу міндеті тұрды. Осы мақсатта Қазақстан халықаралық экономикалық блоктарға жақындай түскен: ЕҚЫҰ, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Дүниежүзілік кеден ұйымы, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, ЕҚДБ, Ислам даму банкімен ресми байланыс орнады.
Екінші кезең: шикізат экспорты һәм Ұлттық қор
Ел экономикасының болашақ бағдары 1997-2007 жылдары аралығында қалыптасты деуге болатындай. Осы онжылдықта билік шикізаттың негізгі қозғаушы күшке айналып, қиындықтан шығара алатынын сезді. Аз уақыттың ішінде мұнай өндiру мен экспорттау, iрi жобаларға инвестиция тарту қарқын алды. Нәтижесінде ЖІӨ Орталық Азиядағы ең ауқымды деңгейге көтерілді: 1997 жылы – 1380 доллар болса, 2007 жылы – 6 450 долларға бір-ақ ұлғайды.
Экономист Бауыржан Ысқақов шикізатқа басымдық беру прагматикалық шешім болды деген ұстанымда.
– Экономиканы шикізат экспортына, яғни мұнай-газ бен металл өндірісіне бағыттау ең прагматикалық модель болды. Соның арқасында бүгінге дейін бюджеттің бүйірін қампайтын отырған Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз кен орындарына инвесторлар келді. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты бірінші орынға қоюдың нәтижесі екені анық.
Шикізаттан түскен табыс бюджет пен валюталық түсімді тез толықтырды. Әлеуметтік төлемдер, инфрақұрылымды қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ұлттық қордың құрылуына мұнай-газ секторындағы табыс негіз болды. Бірақ сол кездегі саясаттың салдарынан экономика шикізатқа тәуелді жағдайға жетті. Өсім болғанымен, сапалы әртараптандыру жүзеге аспады, – деді сарапшы.

Ал экономист Ерлан Кәрімнің айтуынша, 1997-2007 жылдар аралығында ашылған көп кен орындарындағы шикізат сарқылуға жақын. Осы тұста жаңа кен орындарын іздеу өзекті болып отыр.
– Әр өңірдің өзіндік экономикалық мүмкіндігі бар, тек оларды толық пайдалану керек. Мысалы, Арқалық қаласын алайық. Бір кездері Арқалықта боксит өндіру мен алюминий шығару саласы қарқынды дамыды. Алюминий қоры таусылған соң қала тек ауыл шаруашылығымен айналысатын аймаққа айналып кетті. Алайда Арқалықта кірпіш және басқа да құрылыс материалдарын өндіру әлеуеті өте жоғары. Яғни, өңірлердегі шикізат қорын зерттеуді дамыту қажет, – деді экономист.
Президент те кезекті Жолдауында бұл мәселені көтерген еді. Қазір елде геологиялық барлау жұмысы қарқын алған. Биыл мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдарының болжамды ресурстары бар 38 учаске анықталды. 2026 жылға қарай еліміз аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуі 2,2 млн шаршы шақырымға жетуі тиіс.
Аталған кезеңдегі ең маңызды шешім – 2000 жылы Ұлттық қордың құрылуы. Әу баста қор елдің қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еді. Өйткені 1997-1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысы, 1998 жылғы Ресейдегі дефолт тұрақты ресурс болмаса, қолда бардан айырылу оп-оңай екенін көрсетті. Сондықтан мемлекет ғасыр басынан артық қаржыны қорға жинауды дәстүрге айналдырған. Мұнайдан түскен салық, үстеме табыс пен мемлекет меншігіндегі мүлікті жекешелендіруден келген пайда Ұлттық қорға аударылды.
Есте болса, 2007 жылға дейін Ұлттық қорға ақша тек жиналатын. Бюджетке де, басқасына да ол жақтан тиын түспейтін. 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы орын алғаннан бері «қазанның қақпағы» ашылды. Жыл сайын республикалық бюджетке қордан қаржы аударылады. Мысалы, өткен жылы қорға 8,82 трлн теңге табыс түскен. Сол қаражаттан 5,62 трлн жұмсалды.
Үшінші кезең: Дағдарыстан шығар жол
2008 және 2014 жылдары жаһандық қаржы дағдарыстары болды. Оқиға Қазақстанның экономикалық құрылымына да біршама өзгеріс әкелгені бар. Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, әлемдік дағдарыс елге үш арна арқылы әсер еткен көрінеді.

Алдымен мұнай бағасы төмендеді. Шикізат саудасына тәуелді мемлекет үшін айтарлықтай шығын екені түсінікті. Кейін банктер тұйыққа тірелді. Көп қаржы ұйымының қаржыландыру көзі шетелде болғандықтан таңғалатын жағдай емес еді. Соңынан әлемдік үрдіспен құрылыс пен ипотека саласы құлдырады.
– Сол уақытта мемлекет банктерді қайта қаржыландыруға көшті, «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы экономиканы сақтап қалуға тырысты және бюджет қаржысын инфрақұрылымдық жобаға бағыттады. Бұл шаралар экономикалық күйреудің алдын алды десек болады, бірақ құрылымдық тәуелділікті жоя алмады. Қазақстан экономикасының сол кездегі осал тұсы – сыртқы саяси факторға тәуелділігі, – деп қосты сарапшы.
Соған қарамастан ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы өсуі тұралаған емес. 2008 жылы деңгей – 8 120 доллар, 2014 жылы 12 420 доллар болды. Үкімет қаржы резервтерін күшейтіп, халықаралық ұйымдармен етене байланыса бастады. 2010 жылы Қазақстан Кеден одағына мүше болды, 2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қосылды.
Төртінші кезең: Әртараптандыру қашан басталды?
2014 жылғы әлемдік дағдарыстан кейін балама бағыттарды дамытудың маңызы көрінді. Шикізат тұрақты табыс болғанымен, нарық бағасы құбылмалы, бюджетке қажетті қаржыны жию қиын. Сондықтан 2015-2019 жылдары алғашқы экономиканы әртараптандыру саясаты басталды. Өңдеуші өнеркәсібін дамыту, аграрлық секторды қолдау, көлік дәліздерін жетілдіруге басымдық беріле бастаған болатын.
– Әртараптандыру мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілгелі нақты болашағы бар салаларға көңіл бөліне бастады. Агроөнеркәсіп, көлік-логистика, цифрлық экономика, туризм салаларында ауқымды жобалар басталды. Мәселе салалардың өзінде емес, басқару сапасында әрі институционалдық тұрақтылықта жатыр. Еліміз жобаларға қаржы салумен шектелмей, шетелдік инвестицияны әкелуді қолға алды. Ол үшін инвестициялық климатты жақсартып, салық жеңілдігін әрі арнайы экономикалық аймақ құра білді, – деп талдады Бауыржан Ысқақов.

Сарапшының сөзінше, экономиканы толық әртараптандыру қысқа мерзімде мүмкін емес. Сондықтан 2014 жылы басталған реформалық қадам бүгінге дейін жалғасып келеді. Егер әртараптану жүйелі жүзеге асса, мұнай-газдың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 30-35 пайыздан 10-15 пайызға төмендетуге, бюджет кірісіндегі шикізат үлесін азайтуға, валюталық тәуелділікті жұмсартуға болады.
2015-2019 жылдар Қазақстан үшін халықаралық экономикалық ұйымдарға енудің екінші кезеңі болды. 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне, Кеден одағы базасында құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа (2015) мүше болдық.
Бауыржан Ысқақовтың пайымынша, халықаралық бірлесітктерге мүше болудың өз артықшылығы бар.
– Халықаралық ұйымдарға қосылу нарыққа өте тиімді. Жаңа сауда жолы ашылады, импорт-экспорттық шектеулер азаяды. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ шикізат пен транзит бағытын дамытуға мүмкіндік сыйлады, – деді спикер.
Қос кезең: пандемиядан салық реформасына дейін
Кейінгі бес жылда ел экономикасы әлемдік үрдістің ізімен өтті. 2020–2022 жылдары COVID-19 пандемиясының салдарынан цифрлық экономиканы дамытуға көшсе, кейінгі 1-2 жылда экономикалық реформаға назар аударылып отыр.
2020 жылы әлемдік локдаун біз үшін үлкен сынақ болды. Экономика жаңа жағдайда бейімделуге мәжбүр болды. Бір сәтте миллиондаған адам үйде отырып, экономика едәуір әлсіреді. Бұған қоса үйдегі халыққа қаржысыз қалдырмау үшін 15 млрд доллар көлемінде дағдарысқа қарсы шаралардың үш пакеті жүзеге асты. Оған бизнесті қолдау мақсатында зардап шеккен кәсіпкерлерге бөлінген қаржыны қосыңыз. Осылайша, экономикалық құлдыраудан аман өттік.

Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов кейінгі екі жыл мұнай өндірісін ұлғайту мен инфляциямен күреске арналды деген ойда. Соның ішінде Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияны тежеуге күш салуы саяси-әлеуметтік саланың кең тыныстауына септескенге ұқсайды.

Сарапшы 30 жылдағы экономикалық шешімдерге баға берді. Айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштер – Қазақстанның Орталық Азиядағы позициясының бекуіне бірден-бір әсер еткен фактор.
– Тәуелсіздік жылдары алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор қалыптасты. Жаңа реформалар шеңберiнде мұнай кiрiстерiне тәуелдiлiктi төмендетуге бағытталған екi контрциклдiк ереже жүзеге асты: Ұлттық қордан кепiлдiк берiлген трансферт көлемiне шектеу қою: жаңа Бюджет кодексi. Реформа нәтижесі бүгіннен байқалады. 2025 жылы ЖІӨ 310 млрд доллардан асты. Бұл – Орталық Азия экономикасының шамамен 60%-ы. Елде қатарынан үш жыл бойы 5%-дан астам экономика өсімі бар. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 000 долларға жетті, адами даму индексінде көтерілдік, – деді Азамат Нұрсейітов.
Ел экономикасы тарихындағы алты кезеңнің айтары бар. Әрбірінде қабылданған қаржылық шешім адами капиталдың әлеуеті мен қолда бар ресурстың шеңберінде шыққанын көреміз. Келешек жүзеге асатын жобалар да осы кезеңдердегі мақсат-міндеттерге сүйене жасалатыны анық.