Айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Ел экономикасына жеке инвестиция тарту — Үкіметтің басты міндеті. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

— Бұдан бөлек, игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орындарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент инвестиция тартуда Үкіметтің басты міндетін айтты.
— Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту — Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын, — деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Биыл елімізде алғаш рет тақтатас мұнайы өндіріледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.
Мемлекет басшысы 2024 жылды еліміз оң көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұрғанын еске салды.