Айтқали Жайымов: Музыканы ұғынған адам рухани байлықтың бағасын біледі

- Айтқали Тілепқалиұлы, биыл - тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Осы елдік мерекеге өзіңіз жетекшілік жасайтын өнер ұжымының тартуы қандай?
- Әуелі осы күнге дейін ел наразына ұсынған шараларымызды айтып өтейін. Қыркүйек айында белгілі композитор Сыдық Мұхамеджановты еске алу кешін өткіздік. Өйткені біздің міндетіміз - Қазақстан композиторларының шығармаларын дәріптеп тұру. Халық құлағына көптен бері естілмей қалып жатқан шығармалары, романстары мен әндері орындалды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ол концертті «Шаттық Отаны» деп атадық. Біз Қазақ оркестрінің ХХ концерттік маусымының ашылуын біз осы бір айтулы шарадан бастадық.
Одан кейін қыркүйектің соңында Латиф Хамидидің 110 жылдығына арналған «Қазақ вальсі» атты концертіміз жоғары деңгейде өтті. Ол қазақтың, Қазақстанның кәсіби музыкасының негізін қалаған аталарымыздың бірі екенін жақсы білесіз. үлкен шығармалар тудырған өнер иесі. Ол Ахмет Жұбановпен бірлесіп «Абай операсын» жазды. Кейін өзі «Жамбыл», «Айкүміс» операсын дүниеге әкелді. Көптеген әндер, хорлар қалдырды. Балаларға арналған көптеген әндері бар. Басқа да түрлі аспаптарға лайықтап шығармалар жазды, консерваторияда сабақ берді. Ол білікті ұстаз, теңдесі жоқ композитор. Қазақстанда алғаш рет вальс жазған да Латиф Хамиди. Соның ішінде «Қазақ вальсі» әні дүниежүзіне тараған әннің бірі болғанын білеміз.
Дайындық барысында тек қана фортепианомен сүйемелденіп орындалып келген немесе қобызбен ғана орындалған туындыларын арнайы оркестрге түсірдік. Кейбір әндері, айтылмай жүрген хорлары жаңаша түрленді. Сонымен қатар концертте Л. Хамидидің көптен бері орындалмай жүрген шығармаларын қайта жаңғыртып, көрермен назарына ұсындық. Осы орайда, Алматыдан КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова апамыз арнайы келіп, әйгілі «Бұлбұл» әнін шырқады. Халықтың қошеметінде шек болған жоқ.
Сондай-ақ тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жуырда Ресей астанасы Мәскеуге барып, Кремль залында концерт қойып келдік. Көрші елге барған сапарда тек біздің Астана мемлекеттік филармониясының қазақ оркестрі ғана емес, сонымен бірге Астананың басқа да өнер ұжымдары, би топтары, әншілер бірлесе өнер көрсетті. Сонда мәскеуліктер үлкен ықыласпен қабыл алды.
- Ал енді 12 қазан күні Сіздің және композитор ұлыңыз Арман Жайым екеуіңіздің бірлескен шығармашылық кештеріңіз өткелі тұр екен. Осы туралы айтып өтсеңіз?
- Иә, «Шаттық елі» деген атаумен халық алдында есеп бергелі тұрмыз. Бұл да тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған іс-шара. Концертте ұлым екеуміздің жазған шығармаларымыз орындалады. Әндеріміз, күйлеріміз, фортепианоға жазған туындыларымыз халыққа ұсынылмақ. Сондай-ақ екеуміздің «Бибарыс» операсынан үзінді сахланады. Содан кейін бағдарламаға сәйкес арияларға, «Төле би» контатасының бір бөлігіне кезек беріледі. орындалады. Арман жазған «Алпамыс» балеті негізі қарашада толық орындалмақ, ал аталған концертте сол балеттен алынған бір-екі үзіндісі көрсетіледі.
Одан кейін Алаш ардагері Әлихан Бөкейханға арналған концертіміз де қазан айына жоспарланған. Одан бөлек, желтоқсанда 1916 жылы болған ұлт азаттық көтерілістің 100 жылдығына арнап тағы бір өнер кешін өткіземіз. Міне, егер шағын концерттерді санамағанда, жыл соңына дейінгі жоспарланған негізгі шаралар легі осындай.
- 2017 жылға белгілеп қойған жоспарларыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз?
- Келесі жылы мәдени іс-шаралар өте көп болмақ. Өзіміздің жоспарлаған концерттеріміз өз алдына, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы 20-дан астам концерт беретін боламыз. Ол10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Оның ішінде тақырыбы алуан түрлі, Қазақстан халық композиторларының ән-күйлері, отандық және шетел композиторларының шығармалары қамтылған концерттер болмақ.
Сонымен қатар кең байтақ еліміздің әр өңірінде өзіндік әуен, ырғақ, мақамдар бар. Мысалы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлерінде қалыптасқан жыр, ән, күй мектептері ерекше. Міне, осы және басқа да өңірлердің ән-күйлерін қамтитындай концерттер береміз. Әр өңірдің өнерін өз алдына бөлек-бөлек көрсетеміз. Алда осындай жоспарларымыз бар. Оның барлығы басшылық тарапынан бекітілген және бағдарламалар дайын тұр.
- Аға, Сіз туып-өскен жеріңіз Атырау өңірінде еңбек жолыңызды бастадыңыз, кейін ұзақ жылдар бойы Алматыда қызмет жасадыңыз. Алматыда өнердің қалыптасқан үлкен ортасы бар. Ал енді Астанаға көшіп келген соң, бұл ортаға көңіліңіз толды ма? Бұл жақта тілдің де, өнердің де кезінде өгей баланың күйін кешкені рас. Дегенмен соңғы жылдары қалай? Төл өнерімізге елордалықтардың ықыласы арта түсті ме?
- Әрине алғашқы жылдары концертімізге халық аз келетін. Сосын ол кезде мынау филармонияның да тұрақты ғимараты болмады. Қазір Конгресс холл сарайындамыз. Құдайға шүкір залымыз үлкен, дайындалатын сахнамыз да бар. Арнайы филармония салынбаса да, өнер ұжымының қызмет жасауына мүмкіндіктер қарастырылған.
Қазіргі таңда концертерге халық біркелкі келеді, өнерді бағалайтын орта қалыптасып жатыр. Біз де халықтың ықыласын сезгеннен кейін, көрермен назарына қандай туындыларды ұсынуымыз қажет екендігіне үлкен мән береміз. Сондай-ақ филармонияда тек қана біздің қазақ оркестрі емес, жалпы 13-14 ұжым бар. Соған байланысты концерттік бағдарламамызды ыңғайластырып, ана тіліміздің айбынын асыратын, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды танытатындай өнер кештерін ұйымдастыруға ден қойып жүрміз.
Айталық, концертімізді тақылдап еуропаша емес, тақырыбынан бастап ұлттық нақыш көрініп тұратындай, халыққа жақынырақ болайық деп көптеген бағдарламаларды музыкалық-театрлық қойылыммен үйлестіріп жүрміз. Оның ішінде жыры мен әні бар, кіріспе сөзі бар. Мысалы, Қорқыт бабамыздың шығармаларын халық назарына қалай ұсынғанымызды айтып өтейін. Ол үшін Қорқыттың күйлерін оркестрге түсірдік. Аңыз әңгімлердің желісінде театрландырылған концертті сахнаға шығардық. Көрермендер өте жоғары қабылдады. Әсіресе, жастардың, мектеп оқушыларының көп отырғаны бізді қуантты. «Кейбір шыдамсыз, тілге түсінбейтіндері шығып кетпес пе екен?» деген күмәніміз де болды. Алайда, бәрі ұйып тыңдап отырды. Соған қарағанда біздің бағытымыз дұрыс екен, бұл өміршеңдігін көрсетіп берді деген тоқтамға келдік.
Сондай-ақ, «Қыз Жібек» дастанын да осындай тәсілмен көрермен назарына ұсындық. Мұнда қазақтың салт-дәстүрін көрсеттік.
Жалпы, Қазір қазақ оркестрінің мүмкіндігі мол. Қандай музыка болса да орындауға қабілетті.
- Біздің ұлттық өнеріміз, соған деген халықтың ықыласы туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?
- Ұлттық құндылықтардан нәр алған адам өз елінің тарихын да, дәстүрін де құрметтей білетін азамат болып қалыптасады. Әсіресе бүгінгідей тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тұсында қазақ халқының терең тарихына, қазыналы өнері мен мәдениетіне ерекше мән бере қарау қажет. Ерлік дастандарымызды, жыр-толғауларымызды жаңа заман тұрғысынан бере білуіміз қажет. Халықты рухани байлығын арттыруда, адамгершілік пен мәдениеттілікке тәрбиелеуде музыканың рөлі айрықша. Біздің ән-жырларымыз әр адамның бойына бала күнінен тәрбиемен бірге беріліп келеді. Өз халқының тарихын, азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күрестерін білген жас ұрпақ тәрбиелі болып өседі. Өйткені шыққан тегін білген адам бабалар жолынан ешқашан адаспайды.
Өмірде өзін білімдімін, мәдениеттімін деген азамат өзінің қызметімен шектеліп қалмай, өнерді түсініп, бағалай білуі керек. Музыканы жан-жүрегімен ұғынған адам рухани байлықтың бағасын біледі. Музыкалық шығармада сөз жоқ қой. Сондықтан оның айтайын деген ойын әуенмен түсіне білуі керек. Ол үшін «тәрбие тал-бесіктен басталады».
- Еліміздің өсіп-өркендеуі, Астананың көркеюі өнер адамдарына шабыт беретіні жасырын емес? Бұл турасында Сіз не айтасыз?
- Мамандығымызға орай кейде шетелге шығып тұрамыз. Өзге елде болып, кері оралғанда Астанамыздың соншалықты көрікті болып өсіп келе жатқанын анық байқаймыз. Есілдің сол жағалауында, тың жерге салынған қала өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Сәулет өнерінің небір ғажап туындыларын байқап жүрміз. Шығыстық және еуропалық үлгіде салынған ғимараттар бір-бірімен үндестік тапқан, оның ішінен ұлттық нақышты да көреміз. Бізге келген шетелдіктер де Астанаға қарап Қазақстанның қандай деңгейге көтерілгенін айтып жүр.
Әдемі ғимараттың өзі музыкалық туынды сияқты, ол да өзінің әдемілігін паш етіп тұрады. Жаңа қаламыздың көшесін аралап, ой үстінде келе жатқанда көңілің де көтеріліп, шабыттанып кетесің. Соған орай қаншама өнер адамдары жаңа туындыларын жазып жатқанына куә болып жүрміз. Ел, жер, Астана туралы оркестрде орындалатын шығармалар дүниеге келуде. Мен ғана емес, жас композиторлар да жақсы әндер жазуда. Алдағы уақытта да үлкен музыкалық шығармалар жазу, күй шығару туралы ойларым бар. Ол енді болашақтың үлесінде.
- Рақмет әңгімеңізге. Өзіңізге шығармашылық табыстар тілейміз.