АЙТЫС: Кіл жүйріктен Айнұр Тұрсынбаева жүйрік болып шықты

АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Астана қаласы «Конгресс-холл» сарайында "Нұр Отан" партиясының тікелей қолдауымен, «Жәдігер» қоғамдық бірлестігі мен «Қазайтыс» сайты бірлесіп ұйымдастырған "Кіл жүйріктен кім жүйрік" деп аталатын аламан айтыс болып өтті, деп хабарлады kazaitys.kz.
None
None

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сыналған шаңды бәйгенің тізгіншісі болып белгілі әнші, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев жүргізді.

Алғашқы сөз кезегін алған "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Бабамыздан қалған айтыс егемендіктің, тұрақтылықтың арқасында дамып келеді. Осындай ұлттық өнерді партия әрдайым қолдауға дайын. Айтыс пен партияның табиғаты бір. "Нұр Отан" партиясы да, айтыскерлер де халық мұң-мұқтажын билікке жеткізуші дәнекер», - деді. Айтыстың шымылдығын «Қол бастағаннан сөз бастаған қиын» - деп алғаш сөз бастап айтысқан Мұхтар Ниязов пен Біржан Байтуовтың екеуі де екінші айналымға өтпей қалды. Екінші рет сөз жарыстырған Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов мәреге қатар жетіп, ел алдында тамаша айтыс көрсете білгендіктен екінші айналымға бірдей өтті. Айтыстың үшінші жұбы Қытайдан келген қандасымыз Қанатбек Зәйтоллаұлы мен Айбек Қалиев айтысында Қанатбек Зәйтоллаұлы басым түссе, балта тілді Балғынбек Имашев пен саңлақ ақын Сара Тоқтамысова айтысында Балғынбектің асығы алшы түсіп екінші айналымға өтті.

Бұл жолғы айтыстың тағы бір ерекшелігі, бабы да, бағы да жанып, қара үзіп финалға шыққан ақындардың бас жүлдені алуы оңайға соққан жоқ. Финалға шыққан ақындарға тосын сый жасалды. Айтысып отырған екі ақын белгілі уақыттан соң, экран бетінен ұяшықтар таңдап, сол ұяшықтың ішінде көрсетілген суретке қарап өздерінің ақындық шеберлігі арқылы жырмен бейнелеп беруі керек болды. Сонымен, екінші айналымның бірінші жұбы Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов бәйге көрі­гін қыз­дырып, әзілмен астарлап айтысып ел-жұртты риза етті. Екінші жұп Айнұр Тұрсынбаева мен Қанатбек Зәйтолла ортасындағы айтыс жері бөлек болғанмен жүрегі бір екі елдегі қазақтардың тағдыры туралы өрбіді.

Алдан Смайыл, Мұхаметжан Тазабеков, Серікзат Дүйсенғазин, Серік Ақсұңқарұлы бастаған әділқазылар алқасы жеңімпаздарды анықтағанша сахнаға Нұрлан Өнербаев ағамыз, айтыс өнерінде алдаспандай жарқылдап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған шынайы талант, жыр жампозы - Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан Оразалыұлын шақырды. Әр айтыс сайын тыңнан түрен салғандай айшықты ой, соны ұйқас, көркем образ, қазақы теңеулерімен дараланып тұратын Оразалының артында қалған жалғыз ұлы да әке жолын қуып көпшілікке өлең оқып берді. Көзіне жас алмаса да, сәби тілінен шыққан өлең шумақтарына тебіренбеген жан жоқ. "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сахнаға шығып айтыстан түскен 1 миллион теңгені марқұм Оразалы ақынның ұрпағы ұлы Нұрсұлтан мен қызы Нұршаға табыс етті.

Әділқазылардың шешімі бойынша, дүйім жұртты толқыта елеңдетіп, салмақты сөзбен ой өрбітіп, қиыннан қиыстырып, аз уақытқа жақсы-жаманды сыйыстырып халыққа жеткізген Айнұр Тұрсынбаева бас жүлдені қанжығасына байлап, 2000000 теңге көлемінде ақшалай сыйланды. 1500000 теңгемен Жандарбек Бұлғақов 1- орынды еншілесе, 2-орын Балғынбек Имашев қанағат тұтып, 1000000 теңгемен сыйланды, 3-орын Қанатбек Зәйтоллаұлы 750000 теңгемен марапатталды. Басқа айтыскерлерге 500 мың теңгеден жүлде берілді. Соңында Бас муфтиден арнайы сый Сара Тоқтамысова куйеуі екеуіне ұмра қажылығына жолдама берiлдi. Kazaitys.kz сайтының арнайы жүлдесін Балғынбек Имашев еншіледі.

Соңғы жаңалықтар