Айтыстың алғашқы айналымында сөз қағыстырған әріптесімді осал санамаймын - ақын Жәмиға Дәулетқызы

Астанадағы Конгресс Холл сарайында өтіп жатқан ақындар айтысына бүгін екінші күн. Біз кешегі айтыста көрерменді өлең-жырмен тәнті етіп, бірден ел назарын өзіне аударған Қытай елінен келген белгілі айтыскер ақын Жәмиға Дәулетқызымен тілдескен едік. Жәмиға кеше әріптесі Иранғайып Күзембаевтан басым түсіп, әділқазылардың толық балына ие болған еді. Ұтқыр оймен, кемел сөздің көрігін қыздырған жүйрік ақынмен аз-кем сұхбат өрбіттік.
«Біз Қытай Халық Республикасынан осы жолғы ақындар айтысына 4 ақын келдік. Қытайдың қазақтар тұратын Тарбағатай аймағынан Нағыман Шұқанұлы, Күлсінай Тоқанқызы, Іле аймағынан Бақытәлі Тілеубердіұлы және Алтайдан мен қатысып отырмын. Алаштың аламанындағы алғашқы айтысым сәтті өткен сияқты. Бағалаушылар да, көрермендер де жақсы ықылас танытты. Бұл жолыменімен сөз қағыстырған әріпітесімді осал санамаймын»,- дейді айтыс ақыны Жәмиға Дәулетқызы.
Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы Конгресс Холл сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр. Айтысқа республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары, үлкен сахнаға енді шығып жүрген жас дарынды ақындар, сонымен қатар Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінің таңдаулы айтыскерлері қатысады. Онда Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Фариза Оңғарсынова, Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев, Несіпбек Айтұлы, Сейіт Қасқабасов, Өмірзақ Айтбаев сияқты өнер қайраткерлері және айтыс жанашырлары қазылық етуде.