Айвазовскийдің «Түнгі Венеция» картинасы 1,3 млн еуроға бағаланды

АСТАНА. KAZINFORM – Иван Айвазовскийдің «Түнгі Венеция. Сан-Джорджо-Маджоре» картинасы Лондондағы Sotheby’s аукционында 1,3 млн еуроға сатылды. Туынды 24 қарашада 1,08 млн фунт стерлингке балға түскен, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Картину Айвазовского «Венеция ночью» продали на аукционе в Лондоне за 1,3 млн евро
Фото: Sotheby’s

Аукцион үйінің сайтындағы мәліметке сәйкес, картинаның бастапқы бағасы 500-700 мың фунт стерлинг аралығында болған. Бұл туынды саудаға алғаш рет шығарылды.

Айвазовский картинаны 1862 жылы салған. XIX ғасырдың соңында оны эстониялық коллекционер әрі антиквар Санкт-Петербургтен сатып алған. Содан бері картина бір ғасырдан астам уақыт бойы бір отбасының қолында сақталған.

Sotheby’s мәліметінше, большевиктер төңкерісінен кейінгі дүрбелең мен азамат соғысынан соң отбасы Эстонияға оралған кезде туындыны Ресейден алып кеткен.

Картинаның кергіш ағашындағы балауыз мөрдің қалдықтары оның бір кездері Австрия империясының құрамында болған Триест қаласында кедендік тексеруден өткенін аңғартады.

Sotheby’s сайтында картинаның суретшінің туған қаласы Феодосиядан кемемен Триестке жеткізіліп, кейін Еуропадағы көрмеге қатысу үшін жөнелтілуі мүмкін екені айтылған.

Еске салайық, бұған дейін Винсент ван Гогтың картинасы аукционда рекордтық 190,4 млн долларға сатылған болатын.