Айыппұлдар туралы SMS-ескертулер қашан іске қосылатыны анықталды

 АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев жол ережесін бұзу салдарынан келетін айыппұлдар туралы SMS-ескертулер жүйесі қашан толықтай іске қосылатынын мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айыппұлдар туралы SMS-ескертулер қашан іске қосылатыны анықталды

«ҚР ІІМ тарапы ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе электрондық үкімет порталы арқылы жинақталған айыппұлдар туралы азаматтарды хабарландыру шараларын іске асырып жатыр», - деп тоқталды Тұрғымбаев.

Оның атап өтуінше, бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы терминалдар орнатылған және осы құрылғылар арқылы айыппұл туралы толық мәлімет алу мүмкіндігі бар.

«Мұнымен қоса, SMS-ескертулер жіберу арқылы халыққа хабар беру бағытында да жұмыстар жүріп жатыр. SMS-ескеру бойынша тиісті жоба әзірленді, жүйе жұмыс істеп тұр. Алайда 100 пайыз деңгейде қамту тек 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылады. Атап айтқанда, ел тұрғындарының ұялы телефондарын тіркеу IMEI-кодпен толықтай жүргізілгеннен кейін, айыппұлдар туралы мәліметтермен азаматтарды 100 пайыз қамти аламыз», - деп түйді министрдің орынбасары.