Айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу қашан алынып тасталады
«Жүргізушілер жол ережесін бұзады. Жол апатын жасайды. Бірақ сонда да жол ережесін бұзуды тоқтатпайды. Біз ойлаймыз, бұл жүргізушілер қазіргі айыппұлдарды елемейді. Одан нәтиже болмайды. 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан тек өрескел әрі жол апатына әкеліп соғатын құқық бұзушылық жасағандар ғана айырылады», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Жандос Мұратәлиев мұндай бастама жол апатының алдын алу, оны азайту мақсатында қолға алынып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар ол 50 пайыз жеңілдікті алып тастау туралы өзгерістер қай уақытта енгізілетінін айтты.
«Кейбір жүргізушілердің айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеуін алып тастау жобасы әлі ресми түрде енгізілген жоқ. Жылына 3 млн-нан астам жол жүру ережесін бұзғандар анықталатын болса, соның тек 5 пайызы 5-тен көп жол ережесін бұзғандар. Сол 5 пайыздың өзі жол апатына жиі түсуі мүмкін. Бұл ұсыныстар міндетті түрде қоғаммен және өзге де мемлекеттік органдармен талқыланады. Солардың барлығын жинап, шамамен қыркүйек айында аталған өзгерістерді енгіземіз деп ойлап отырымыз», - деп түсініктеме берді Жандос Мұратәлиев.
Еске сала кетейік, кеше 5-тен көп жол ережесін бұзған жүргізуші айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу құқығынан айырылатынын хабардап едік.