Әз наурыз Қытайда: Ұлы мереке қалай тойланады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ халқының ежелгі мүшелдік есебі бойынша күн мен түн теңелген қасиетті әз Наурыз - ескі жыл шығып, жаңа жыл кіретін айтулы, басты мереке. Ежелгі түсінік бойынша бұл күні қара жердің тоңы жібіп, жер бетінде жаңа тіршілік басталады. Наурыз мерекесін халқымыз «Ұлыстың ұлы күні», «Гүл наурыз», «Көктем тойы» деп те атаған. Шығыстың біраз халықтарына ортақ ұлы мерекені Қытайда тұратын қандастарымыз да салтанатты түрде атап өтеді.
Ханбалықта қайта түлеген
Қытайда тұратын қазақтар тарихы терең төл мерекемізді қашанда ардақ тұтып, той-думанға бөлеп, ойын-сауықпен, жақсылыққа бастар өнегелі ғұрыптармен қарсы алып келген. Үрімжіде жарық көрген «Қазақ мәдениетінің айдыны» атты монографиялық еңбекте жазылуынша, Қытайдағы қазақ халқы дәстүрлі ұлттық мереке – Наурызды ҚХР құрылғанға дейін де, онан кейін де тойлап келген. Тіпті атышулы «Мәдени революция» жылдарында (1966-1976) ескілікке жатқызылып, шектеу қойылса да, әз Наурыз ауылдық, отбасылық деңгейде жасырын түрде жалғасып отырған.
Ел саясаты оңалып, әлеуметтік өмірдің барлық саласына жылымық әкелген 1980 жылдары наурыз мерекесі ежелгі далалықтар Ханбалық деп атаған ел астанасы Бейжіңде қайтадан жария әрі салтанатты түрде тойлана бастайды.

Осы жайында белгілі журналист, аға диктор, күйші-домбырашы, ұзақ жылдар бойы Қытайдың Орталық радиосының қазақ редакциясында еңбек еткен Қызырбек Жанасылұлына хабарласқанымызда, ол кісі сөз тиегін былай ағытты:
– 1982 жылы наурыз айының 20, әлде 22 жұлдызы, Қытай астанасы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қазақ оқытушылары мен студенттерінің бастауымен, Орталық аударма бюросы, Орталық радиостанциясы және Ұлттар баспасы секілді білім, мәдениет ошақтарындағы қызметкерлердің қостауымен Наурыз тойы Ұлттар университетінің кампусындағы жерасты залдарының бірінде алғаш рет аталып өтті. Мен білгенде, мерекелік шараны ұйымдастыруға осы университеттің оқытушысы, марқұм Зейнеш Исмаил мен өзге ұстаздар мұрындық болған еді. Оған Бейжіңдегі белсенді қазақ жастары бір кісідей ат салысып, мерекелік концерт әзірледік.
Алғашқы мерекелік шараның дастарқаны жұтаң, бағдарламасы шала болғанмен, сірескен тоңды бұзған айрықша мәніне Қ. Жанасылұлы арнайы тоқталып, сөзін әрі қарай сабақтады:
– 1966 жылдан кейін тоқырауға тап болған төл мерекеміздің қайта оралуы еді бұл. Кейінірек мерекелік шара биліктің назарына ілініп, қолдау таба бастады. Мемлекеттік органдарда басшылық қызметте отырған ұлттық азшылық өкілдері де қатысатын деңгейге жетті. Тіпті Қытайдың Ұлт істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің ұйытқы болуымен тойланған сәті де болды. Мерекелік шараны ұйымдастыруға әр жылдары Ұлттар университетінен Мұхаметжан Оспанов, Ұлттар баспасынан Қалибек Кенжеұлы, Орталық радиостанциясынан Нығыметқали Нұғыманұлы және мен бас-қасында болып, концерттік бағдарламалар әзірлеп, кейде сахнада өнерімізді ортаға салып жүрдік.

Диктор-күйші Бейжіңдегі Наурыз тойының мерейі асқақтап, мәртебесі көтерілгенін, ел ағалары мен ұлтжанды азаматтардың қолдауына ие болғанын айтады.
– 1985 жылы болу керек, Наурыз тойы Бейжіңдегі ең танымал ғимараттардың бірі – Ұлттар мәдениет сарайында өтті. Шараға Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Бұрхан Шаһиди мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Сайфуддин Азизи ақсақалдар арнайы келіп қатысты. Сайфуддин ағамыз тойға шашу ретінде дайындап келген өлеңін оқып, қағазын маған берді. Жеке мұрағатымда сақтаулы.
Қай бір жылы Бейжіңде тұратын «қызыл әскер», қолбасшы, кезінде Мао Цзэдунның жанында қызмет еткен Ибраһимұлы Қасен генералдың қолдауымен наурыз тойын Бейжіңдегі басты сәулет нысандарының бірі – Қытай Халықтық-революциялық әскери мұражайының мерекелік залында өткіздік. Кейінірек жергілікті ән-би ансамбльдері тойымызға шашу ретінде арнайы әртістер жіберетін болды. Жергілікті бюджеттік мекемелерден шараны ұйымдастыруға қаржылық қолдау да көрсетіліп тұрды. Айтпақтайын, Орталық радиостанцияның парсы тілі қызметінің журналистері де тойымызға жиі қатысып, Иран мен Ирактағы әріптестері үшін арнайы репортаж дайындайтын.
Қ. Жанасылұлы Бейжіңде наурыз тойының 2016 жылға дейін салтанатты түрде аталып келгенін, кейде мерекелік шараға мыңдаған адам жиналатынын еске алады.

Ауылдар қалай тойлайтын
Ескіше есеп бойынша бірдің айы туысымен Қытайдың қазақтар жиі қоныстанған Іле, Буратал және Санжы облыстары мен Құмыл аймағында Наурыз тойына дайындық басталады. Көктем тойының басты нышаны – жеті дәмнен (мысалы, «Қазақ мәдениетінің айдыны» нұсқасы бойынша бидай, тары, қамыр, ет, тұз, сүт, су) дайындалған көже. Наурыздың құрметіне арналған басты мәзір Қытайдағы қазақтар арасында Наурыз көже, Тілеу көже, Көп көже, Бидай көже деп әртүрлі аталады.
Қытайдағы қазақ ауылдарында, соның ішінде Іле өңірінде Наурыздың қалай тойланатынын белгілі ақын, Іле қазақ автономиялық облысында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері мен облыстық терминкомда жұмыс атқарған Думан Бәзілжанұлы айтып берді.

– Ес білгелі ауылда шешелеріміз әзірлеген наурыз көженің дәмін татып өстік. Біздің Іле өңірінде наурыз тойы жыл санаудың жаңа есебі бойынша ақпан айының бесінші жұлдызынан басталады. Ауылдағы көрші-қолаң әр тақ күн сайын наурыз көже береді, бұл үрдіс ақпан айы біткенше жалғасады. Әр үй мүмкіндігіне қарай жеті дәм қосылған көжені тайқазанмен қайнатып, таратады. Әсіресе біздің жақта сүзбе құрттың жөні бөлек. Бала күнімізде талай ездік. Оны малта деп атайтын. Көжеге қатылатын жеті дәмнің бірі. Ауыл бойынша кезектесіп, үй-үйге қыдырып, көже ішеміз. Ауылдың домбырашылары мен өлеңшілерінің де көсіліп шабатын тұсы осы. Жер жібіп, Самарқанның көк тасы еріген жаймашуақ күндерде ауыл ақсақалдары Алладан жақсылық тілеп, айдан аман, жылдан есен шыққанына шүкіршілік айтып, жастарға бата береді. Бастаудың көзін ашатынбыз, ауылдарда балуандар күресі, көкпар секілді спорттық шаралар өтетін, - дейді Д. Бәзілжанұлы.
Наурыз тілеуіне жұртты арнайы шақырмайды. Көрші-көлем бірін-бірі құлағдар етіп, көже беретін үйге жиналып, өз сыбағасынан ауыз тиеді. Жасқа толмаған сәбидің ерніне көженің жұғынын жағып, жыл аттады деп ырымдап жатады. Наурыз мерекесіне арнайы мал сойылмайды, өйткені ел арасында көктемде қан ағызу жас төлдің өсуіне кесірі тиеді деген ырым бар. Сондай-ақ, наурыз айында тұзақ, қақпан құруға да тыйым салынған. Жер жібіп, көк шыға бастаған наурыз айында ауыл болып ағаш еккен, өйткені ел ішінде көктем туғанда тал еккен кісінің ұрпағы жас шыбықтай көктейді деген наным болған. «Қазақ мәдениетінің айдыны» бойынша, Қытайдағы қазақтар арасында наурыз тойы көңіл көтеретін ойын-сауықсыз өтпеген. Бұл қатарда дәстүрлі ән-күйден бөлек, жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу, түс жорыту және наурыз жырын айту, т.б. болған.

Концерт – тойдың көркі
Ауылда, көрші-қолаң ортасында өтетін наурыз тойы біртіндеп жергілікті биліктің назарына ілініп, аудан, облыс, кейінірек автономиялық регион деңгейінде аталып өтетін болды. Жергілікті биліктің шешімімен наурыз мерекесі 22 наурыз күніне бекітіліп, оның құрметіне түрлі мерекелік шаралар өткізіле бастады. Әсіресе жалпы халық асыға күтетін мерекелік сауық кештердің орны бөлек еді.
– 1990 жылдардан кейін наурыз тойы сахналандырыла бастады. Ауыл, аудан, аймақ деңгейінде наурыз тойланып, сауық кештер өткізілетін болды. 1998 жылы тұңғыш рет Текес ауданының наурыз концертінде өлең оқыдым. Ол кезде аудандық ансамбльдің концертімен қатар жиналған көпке көже таратылатын. Мен білгенде, аудандық әкімдіктер наурыз тойы мен сауық кештер ұйымдастыруға баса мән беріп, бюджеттен арнайы қаржы бөлетін. Төс байлау деген жосын бойынша, аудандағы тиісті басқармалар мен мәдениет мекемелері жыл сайын кезектесіп, наурыз тойын өткізуге мұрындық болатын, - деп еске алады Д. Бәзілжанұлы.

Ақынның айтуынша, жергілікті мерекелік кештер түрлі деңгейдегі ақпарат құралдарында насихатталып, Іле және Шыңжаң телеарналары арқылы қалың көпшілікке ұсынылып, халықтың мәдени қазынасын толықтыруға, ата дәстүрін қайта жаңғыртуға, қысқасы, қазақ ұлтының рухани өсуіне өлшеусіз үлес қосты.
2005 жылдан кейін облыс орталығы Құлжа қаласында өткен наурызнама кештерінде концерттік бағдарламаны әзірлеу жұмысымен тікелей айналысқан Думанның еске алуынша, бұл жылдары наурыз концерті этникалық қытайдың дәстүрлі Жаңа жылы – Көктем мейрамының құрметіне арналған мерекелік сауық кешпен деңгейлес, қатар ұйымдастырылып, облыстағы қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар халықтарына ортақ ұлы күн ретінде айрықша тойланған.

Ауыл тұрғыны: Наурыз түрленіп келеді
2016 жылдан кейін шығыстағы көршімізде Наурыз мерекесі бұрынғыдай сән-салтанатпен тойланбайтын болған. Әсіресе әлемді жайлаған пандемия кесірінен халықтық дәстүрдің жылдар бойы атаусыз қалғаны тағы рас. Дегенмен, 2023 жылдан кейін дәстүрлі мерекенің қайта жаңғырып, жалғасын тапқанына әлеуметтік желіні шолып қарағанда көзіміз жетті.

Әсіресе ішкі Қытайдағы Шанхай, Бейжің, Наньцзинь секілді ірі қалаларда білім алып, түрлі кәсіппен айналысып жүрген қазақ жастарының Наурызды түрлі басқосумен, шағын мерекелік шаралар мен тәрбиелік мәні бар қайырымдылық акцияларын ұйымдастырумен атап өтетіні байқалады.

Аудан, ауылдарда да мерекелік шаралар қайта жаңғырып, жанданған. Наурыз көп жерде Қытайдағы барша халыққа ортақ мереке, бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекеттегі әр алуан этностық топтың еншілес дәстүрі ретінде күн мен түннің көктемгі теңелуін білдіретін чуньфэнь амалымен қатар тойланады. Біз хабарласқан Қытай азаматтарының бірі (аты-жөнін айтпауды сұрады – ред.) соңғы жылдары әз Наурыздың түрленіп, жаңарып келе жатқанын айтты.

– Ауылда, аудан орталығындағы саябақта мерекелік шаралар, жәрмеңкелер өтеді. Барымызды киіп, бақанымызды таянып сол тойға асығамыз. Тайқазанмен көп көже таратылады. Ауыл өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, ақындар өлеңмен айтысады. Көкпар, күрес болады. Қызықты, бұқаралық спорт шаралары өтеді. Қазір бұл мерекені тойлауға ауылымыздағы түрлі ұлт өкілдері бірдей ат салысады. Наурыз тойы ежелгі дәстүрдің жай ғана жаңғырығы емес, жаңа өмірдің жаршысына, партияның жақсы саясатының насихатшысына айналып үлгерді, - дейді ол.


Айтса айтқандай, соңғы жылдардағы басты жаңалықтың бірі жергілікті қытай, моңғол, дүнген халықтарының өкілдері де Наурызды қазақ, ұйғырлармен қатар тойлай бастаған. Мысалы, Доуинь (қытайлық TikTok) платформасында үйден-үйге қыдырып, тілеу көжені жарыса ішіп, жеті дәмнен әзірленген киелі тағамның адам ағзасына пайдасын майын тамыза баяндап отырған қытай азаматтарын кездестіруге болады.

Қысқасы, заман қай қырына алса да қасиетті құндылықтарынан қол үзбеген, бас тартпаған қария халықпен бірге наурыз мерекесі де жаңарып, жасай беретіні даусыз. Жазбамыздың соңын ақын Думан Бәзілжанұлының әңгіме үстінде «жас күнімде жазғаным еді» деп тебірене оқыған жыр жолдарымен түйіндегіміз келді.
Наурыз – Жыл басы нар-айдын,
Ақпейіл анасы әр айдың.
Жаһанды жібіткен арайдың,
Жүзіне қараймын.
Басым да айналды бақыттан,
Асылға балаймын жақұт таң.
Тағынан тайды қыс-патыша,
Таяқ жеп уақыттан.
Наурыз қалада, ауылда,
Наурыз даламда, тауымда.
Таңдайда әлі бар татқан дәм,
Сонау бір балалық шағымда.
Шер төкпей айтсам мен мұңымды,
Ертектей естілер бұрынғы.
Кесесін көтеріп төбеге,
Көжеге батырып мұрынды_
Сыпыра ішуші ек үй қалмай,
Бір тұлып ішіңе сыйғандай.
Үлкендер айтатын әңгіме,
Па, шіркін күй қандай!?
Қасиеті дарыған наурызым,
Өсиеті ұлағат, жарлық-үн.
Табиғат тегіне тартқан-ау,
Қазақы тағдырым.
Ақ малта құртым бар ұртымда,
Ақ таңға асылған рухым да.
Алыстап, қарыштап кетсем де,
Әрдайым бастайтын жұртыма –
Мерекем, берекем, Наурыз!
