Әз Наурыздың ерекше салт-дәстүрі «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер»

Сондықтан да барлық ел осы түнді ұйықтамай отырып қарсы алып, арайлап атқан аппақ таңды, шуағын шаша бой көтерген алтын күнді алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа жорыған. Кәрілер Тәңірден дұға тілеп, босаға аттаған Жаңа жылдың жайлы, дастарханның майлы болуын, ел-жұртының аман, заманының тыныш болуын сол дұға-тілектеріне арқау еткен. Ал жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, қыз-жігіттер бір-бірімен ойнап-күліп өткізген. Үлкендері жоқ үйге жиналып, бастаңғы жасап, ақ дастарқан басында емін-еркін қалжыңдасып, ән-жыр айтысып, өздерінше тойлаған. Осы бір көңілді де көрікті түнде жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асығады. Ал қыздар жағы көңіл-қошы ауған «серісіне» емеурін білдіру үшін, ең тәтті-дәмді тағамын әзірлейді. Мұндай ырду-дырду түнде ұйқы түгілі шаршауды да ойламаған жігітке «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен «Ұйқыашар» ұсынады. Ару тарапынан көрсетілген осындай қошаметке жігіттің бей-жай қалуы екіталай. Сондықтан олар да қарап қалмай «Селт еткізер» деген ниетпен әлгі аруға айна-тарақ, алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлайды. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалады.
Міне, дәл осылай Ұлыстың Ұлы күнінің ажырамас бір бөлігіндей әдемі салттарымыз бен әсем дәстүрлеріміз қалыптасты. Қазақ халқы Жаңа жылын Құдайға деген шексіз ырзалықпен, өлшеусіз үмітпен, келешекке деген зор махаббатпен қарсы алған. Әз Наурыз осынысымен де ерекше, осынысымен де өміршең. Ендігі жерде жастарымыз дәл осы «Ұйқыашар» мен «Селтеткізерді» қайта жандандырып, газет пен сайт беттерінде еске алатындай ескі салт емес, шынайы өміріміздің шашауы шықпаған бөлшегіндей деңгейге жеткізсе деген үмітпен биылғы Ұлыстың Ұлы күнін қарсы алып отырмыз! Әз Наурыз құтты болсын, ағайын!