Аз жоңғардың соққысына төтеп бере алмаған Қайып хан

Тәукенің ізбасары
Қайып Мұхамбет XVII ғасырдың ортасында дүниеге келген. Жәнібек ханның тоғыз ұлының ішіндегі Жәдік сұлтаннан тараған ұрпақ. Небары үш жыл (1715-1718 жылдар) тақта отырып, ел басқарды. Қайып хан ел басқарып тұрғанда елдегі жағдай тұрақсыз болды. Шығыстан - жоңғарлар, батыстан - башқұрт пен қалмақ жұрты қауіп төндірумен болды. Дипломатиялық бастамалары 1716 жылы Тобылға келген қазақ елшілері Б.Екешев пен Б.Бөриев Қайып ханның патша өкіметімен тығыз қарым-қатынас жасауға және Жоңғар хандығымен күресте қазақ-орыс әскери одағын құруға ынталы екенін Сібір губернаторы М.Гагаринге жеткізді. Сондай-ақ хан қазақтардың Сібір өңірінде сауда жасауына рұқсат сұрады. Сібір губернаторы қазақ ханының бұл ниетіне ықылас танытып, оларды орындауға келісім берді. Осы орайда, Қайып хан Қазан губернаторы Салтыковпен де тығыз байланыс жасауға ұмтылды. Қайып ханды бұған мәжбүрлеп отырған - Жоңғар хандығымен арадағы жауластық еді. Қайып ханның тұсында Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасындағы саяси қарым-қатынас жандана түсті. Орта жүз ханы Ресейдің көмегінің арқасында жоңғарға қарсы тұрамын деп риясыз сенді. Аягөз шайқасындағы жеңіліс 1717 жылы жазда Қайып хан мен Әбілқайыр бастаған отыз мың әскер ойраттарға қарсы шайқасты. Бұл оқиға тарихта Аягөз шайқасы деген атпен қалды. Қайып хан мен Әбілқайыр хан бастаған қазақ әскері Аягөзге қарай бет алды. Сонда алдынан 1000 адамнан құралған жоңғар шекарашылары ұшырасады. Ұрыстың алғашқы күні ойраттар санының аз болғанына қарамастан кешке дейін шыдап бақты. Түні бойы олар ағаштан бекініс соқты. Ертеңінде сол бекіністің ар жағына жасырынып, атысумен болды. Өздерінің жалаң атыс-шабысынан ештеңе шықпасын, керісінше, көп адамнан айырылатынын ұққан қазақ жағы да бір түнде қорған тұрғызды. Екі жақ сол қорғандардан қарама-қарсы оқ жаудырумен болды. Осы кезде қазақ жағының қолбасшылары Қайып пен Әбілқайыр қай батырды жекпе-жекке шығару жайын келісе алмай, өзара дауласты. Олар өздерімен өзі әлек болып жатқанда жоңғарға көмекке 1500 адамнан тұратын, мұздай қаруланған атты әскер (катафракты) келіп жетті. Олар шекарашылармен атысып жатқан қазақ әскерінің тылынан келіп шабуылдады. Бұл сарбаздардың ас-ауқатын дайындайтын, нақты айтқанда, ең әлсіз тұсы болатын. Мұндай соққыны күтпеген қазақтар жаудан қашып қана құтылды. Бұл шайқаста қазақтың 400-2000 сарбазы мерт болды. Жеңілістің бар кінәсі Әбілқайыр ханға артылды. Жеңілістің ащы дәмін татқан Қайып хан жаудан қашып, еліне жеткенде жанында екі-ақ кісі қалған дейді. Еріп барған әскері түгелге жуық қырылып немесе қашып, жан-жаққа бытырап кеткен. 1718 жылы Қайып хан дүниеден өтті. Орта жүздің тағына Болат хан отырды.
Жанат Қапалбаева