Аза тұту күніне байланысты Ұлыбритания патшайымның мерейтойы кейінге шегерілді
АСТАНА. ҚазАқпарат -Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Кэролин Браунның шешімімен, Ұлыбритания патшайымының 90 жылдық мерейтойына арналған бүгінгі мерекелік шара кейінге шегерілді. Елші патшайымның 90 жылдығына арналған мерекелік шараны келесі бейсенбі, 17 маусымға ауыстырғанын хабарлады.
«Өздеріңіз білетіндей, 5 маусым күні Ақтөбеде болған террорлық актіге байланысты, бүгін сол лаңкестік шабуыл кезінде қаза тапқандарды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде белгіленді. Сондықтан, бүгін, 9 маусымға белгіленген Патшайымның 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шараны кейінгі шегеруді жөн көрдім. Мерекелік шараны 17 маусымға ауыстырдық», - деп хабарлады К.Браун.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлыбритания Елшілігі Астанадағы бас ғимаратында тұрған туын төмен түсіріп, Қазақстан халқына деген ерекше құрметін танытты.