Азамат Дәулетбеков еркін күрестен Азия чемпионатында қола жүлдегер болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Азамат Дәулетбеков (92 келі) еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Қазақстандық балуан Иордания астанасы Амман қаласында өткен құрлықтық додада 3-орын үшін белдесуде өзбекстандық Шерзод Пойоновты 2:1 есебімен жеңді.
Азамат өз мансабында Азия чемпионатында алтыншы мәрте медаль алып отыр. Ол осыған дейін 86 келіге дейінгі салмақта 3 алтын, 1 күміс, 1 қола еншілеген еді.
Айта кетсек, ел құрамасынан бүгін Нұрқожа Қайпанов (74 келі) Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Болат Сақаев 86 келі) күміс медаль алды.
Олардан бөлек ел құрамасынан бүгін Мұхамед Балғабай (61 келі), Нұрсұлтан Садық (65 келі), Нұрсұлтан Азов (125 келі) сайысқа түсті.
Еске салсақ, еркін күрестен 29 тамызда Ризабек Айтмұхан (97 келі) күміс жүлдегер атанса, Рахат Қалжан (57 келі) қола медальға қол созды.