Азамат Сатыбалды: Сахна - кербездікті кешірмейді
Актермен ой бөлісіп, сырласуға келгендердің қарасы көп. Алдымен тұтас жетістігін жіпке тізіп таныстырған жүргізушінің сөзінен кейін: «Шындығында, бұл менің шығармашылығымдағы бастама жетістіктер болуы керек» деп бастаған сөзін әрі қарай сабақтай келе: «Театр - Ыдырыс ағаларымыздан бастап, Нұрмұхан, Қапан ағаларымыздың маңдайының тері, Сәбира, Фарида апаларымыздың дауысының үні қалған қасиетті мекен. Қазақ өнерінің қарашаңырағы. Егер маған «Сіз үшін ең үлкен бақыт қандай?» деген сұрақ қойылса, әрине, ойланбастан «Әуезов театрында қызмет жасау» деп жауап берген болар едім. Үшінші курстан бастап осы қара шаңыраққа келдім, Аллаға мың тәубе, содан бері табан аудармастан қызмет жасап келемін. Бағыма бұйырған рөлдерді сомдадым. Рас, режиссер ұсынған кез келген рөлді сомдап шедевр жасадым деп айтпаймын. Оң жамбасыма келгендері, керісінше, мініс бермеген, жан дүниесін толықтай аша алмаған образдардың да болғандығын жоққа шығармаймын. Сондай рөлдердің бірі Мұхтар Әуезовтің Абайы. Ол - дана. Менің ойымда ғұлама образын ашу, жеткізу мүмкін емес нәрсе. Алғаш рөл ұсынылған кезде зерттеп-зерделей келе Ыдырыс аға Ноғайбаевтың Абай рөлін 33 жасында сомдағанын білген соң, мен 30 жасымда неге ойнай алмаймын деген бір батырлық пайда болды да, бұл образды сомдауға бел будым. Бірақ, өкінішке қарай, мен бұл бейнені көрерменге жеткізе алмадым. Мұхтар Әуезовтің өзі «Абай жолын» жазып біткен кезде бір журналистің «Сіз Абайды тұтастай зерттей алған шығарсыз» деген сұрағына: «Қарғам, Абай деген дәрия, мен сол дәрияның шетінен бір-ақ қасығын алдым» деген екен. Абай бола алмайтынымды түсініп, бір жылдан кейін бұл рөлден бас тарттым. Ал көпшіліктің ыстық-ықыласына бөленген ерекше рөлім шығармашылықтың шалқар шабытына өрлеу кезеңінде шыққан «Қас қағымдағы» Сәбит, «Қыз мұңындағы» Ғабит, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Құмар, «Сұлтан Бейбарыстағы» Бейбарыс рөлін атар едім. Жан дүниемді ашып, актерлық қырымды жан-жақты көрсетуге мүмкіндік туғызған рөлдерімнің көшбасында тұрғаны - Шекспирдің Гамлеті. Әлемдік деңгейдегі бұл шығарманың басты образын сомдау - кез келген актердің арманы. Тіпті, театрдың абыз ақсақалына айналған Асанәлі ағаның да сұхбаттарын оқып отырсаңыз, Гамлетті ойнау арманы болғандығын байқайсыз. Сол сияқты Бейбарыс рөлін де ойнай берген үстіне ойнағым келеді», - деді өнер иесі.
Кино саласына келгеніне небәрі бес-ақ жыл болғанын айтқан ол бұл саладан бұрын телеэкранның қызылды-жасылына елітіп, жеңіл танымалдылыққа ие болып жұлдыз болғысы келгендігін де жасырмады. Бірақ көрермендер тарапынан үнемі қойылатын «Сіз журналистсіз бе?» деген сауал оның қытығына тиіп, соңында ақырындап өз қазанында қайнауға бел буғандығын айтады.
Көрермендер сүйікті әртістерінен халықтың ықыласына бөленудің құпиясы, әр рөлдің болмысын ашудың сырын да сұрауды ұмыт қалдырмады.
«Шынайы махабаттан ғана ұлы дүниелер туады. Яғни, актер өзіне берілген кез келген рөлге ғашық болу керек. Мысалы, бозбала ретінде қызға ғашық болсаңыз, естен шығармауға тырысасыз ғой, рөлді де солай сүю керек. Сонда ғана оны алдымен өзің ашып, кейін көрерменге жеткізе аласың. Әр рөліме ғашық болып, оны шегіне жеткізе ойнау арқылы көрерменнің ыстық ықыласына ие болдым деп есептеймін», - деп ағынан жарылды актер.
Сонымен қатар адал еңбек адамды алға жетелейтінін ескерсек, Азамат үнемі ізденістің үстінде жүретіндігін айтады. Берілген рөлді тек мәтінін оқып жеткізуге болатынын, бірақ одан ешқандай жанды образ шықпайтындығын, сол үшін әр рөліне жан-жақты дайындалатындығын тілге тиек етті.