Дербес деректер таралса, қылмыстық жауапкершілік және 5000 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституциядағы дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беру нормасы заңнаманы дамытудың негізіне айналды. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Азаматтардың дербес деректері тарап кеткен жағдайда 5000 АЕК айыппұл салынады
Фото: ortcom.kz

— Осы норманы іске асыру мақсатында бірқатар заңнама мен актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қылмыстық кодекс, сондай-ақ Дербес деректер және киберқауіпсіздік туралы заңдар бар, — деді ол.

Министрдің сөзінше, жұмыс екі бағыт бойынша жүргізіледі.

— Бірінші бағыт — ұйымдастырушылық және техникалық шаралар. Дербес деректерді қорғаудың заманауи құралдарын, оның ішінде деректерді жасыру және хэштеуді енгізу жоспарланып отыр. Бұл деректерді техникалық тұрғыдан қорғауға және рұқсатсыз қол жеткізу кезінде олардың жария болу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді, — деді министр.

Ал екінші бағыт жауапкершілікті күшейтумен байланысты.

— Екінші бағыт — жауапкершілікті күшейту. Пайдаланушылар алдында ашықтық пен жауапкершілікті арттыру үшін операторлар: дербес деректердің тарап кету фактілері туралы уәкілетті органға да, азаматтардың өздеріне де хабарлауға, сондай-ақ дербес деректерді өңдеудің басталғаны туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті болады, — деді Ж. Мәдиев.

Министрдің сөзінше, дербес деректердің жаппай таралуы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұлдың шегін 5000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін арттыру қарастырылып жатыр.

— Сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюды жалғастырамыз және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтеміз. Аталған шаралар дербес деректерді қорғаудың сенімді жүйесін қалыптастырып, оларды өңдеу кезіндегі жауапкершілікті күшейтеді. Бұл азаматтардың цифрлық сервистер мен мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді, — деп түйіндеді министр.

Айта кетейік бұған дейін Олжас Бектенов ел халқын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар