Азаматтардың басым бөлігі Конституциялық соттың құрылуын оң көзқараспен қабылдады - Эльвира Әзімова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін – Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттілігіміздің негізі Конституция күні. Әділетті Қазақстанның табан тірейтін берік тұғыры саналатын Ата заңымыздың қабылданған күніне орай еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы сөзге тартқан едік.

- Эльвира Әбілхасымқызы, Конституциялық cот толыққанды жұмысын осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыра бастағаны белгілі. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс нәтижесі қандай?

- Ең әуелі, барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймын. Бұл - Ата заңмен қорғалатын негізгі құқықтарымыз бен бостандықтарымызды еске салатын маңызды күн. Конституциялық қағидаттар әділ және бірлігі жарасқан қоғам құру үшін бізге бағыт-бағдар береді.

Конституциялық соттың құрылуы 2022 жылғы адам құқықтарын қорғау құралдарын күшейтуге бағытталған реформа нәтижелерінің бірі саналады. Оған жалпыхалықтық референдум барысында қазақстандықтардың 77 пайыздан астамы дауыс берген еді.

Конституциялық бақылау органы трансформацияланып, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Конституциялық сот жаңа өкілеттіктерге ие болды. Яғни ол азаматтар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурор сияқты жаңа өтініш субъектілерімен толықты.

Конституциялық сот биліктің үш тармағының ешқайсысына да (заң шығарушы, атқарушы және сот) жатпайды. Бұл ретте оның қызметі мемлекеттік билік жүйесіндегі тежеу мен тепе-теңдік жүйесін күшейтуге ықпал етеді деп айтуға болады. Бұл мақсатқа заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру арқылы қол жеткізіледі.

8 ай бойы жұмыс белсенді өтті деп айтуға болады. Оған осы уақыт аралығында қабылданған 25 нормативтік қаулы дәлел. Оның тек 19-ы – азаматтардың өтініштері бойынша қабылданған шешімдер. Әрине, осынау қысқа уақытта қандай да бір нәтиже туралы айту ерте. Алайда, қоғамда азаматтардың басым бөлігі Конституциялық соттың құрылуын оң көзқараспен қабылдап жатқанын атап өтуде.

- Конституциялық сотқа Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоса алғанда еліміздің барлық азаматы жүгіне алады. Ал орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар ма?

- Конституция және «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заңда өтінішпен жүгіну құқығына ие субъектілер тізімі нақты көрсетілген.

Сонымен қатар, Конституциялық заңға сәйкес Конституциялық соттың шешімін түсіндіру туралы мәселе қойылса, қосымша шешім қабылдайды. Бұл жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық соттың қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтінішхаты бойынша қабылданады.

- Жыл басынан бері Конституциялық сотқа қанша азамат жүгінді? Негізінен қандай мәселелер жиі көтеріледі? Олардың қанша пайызы дер уақытында оң шешімін тапты?

- Осы уақыт аралығында Конституциялық сот судьялары және аппарат қызметкерлері төрт мыңға жуық өтініш қарады. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі Конституциялық соттың құзыретіне кірмейтін мәселелер көтерілуіне байланысты өтініш иелеріне қайтарылды. Мәселен, азаматтар өз өтініштерінде жалпы юрисдикциялы соттардың шешімін қайта қарауды немесе жоюды талап етті. Ол өтініштердің 41 пайызын құрады. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерін шешіп беруді немесе нормативтік құқықтық актінің белгілері жоқ органның немесе лауазымды адамның шешімін жоюды сұрап өтінген азаматтар да болды. Дегенмен, азаматтарға егжей-тегжейлі құқықтық түсініктемелер бердік. Кейде адамдарға дұрыс бағыт-бағдар берудің өзі оларға үлкен көмек және құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.

Ал осы өтініштердің тек 27 пайызында өтініш иелері заңнаманың немесе оның жекелеген ережелерінің Ата заңға сәйкестігін тексеруді сұрады. Азаматтар өз өтініштерінде қылмыстық, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, ақпаратқа қол жеткізу заңнамасының, Жоғары соттың нормативтік қаулыларын, салық кодексін, мемлекеттік қызмет және сот жүйесі саласындағы нормативтік актілерді не олардың кейбір нормаларының конституциялығын тексеруді сұрап өтінді.

Бұдан азаматтардың Конституциялық сотқа жүгінуге қолжетімділігінің жоғары екенін көруге болады.

Осы уақыт аралығында 30-дан аса құқықтық норманың конституциялылығы қаралып, оның 5-і конституциялық емес деп, 7-еуі Конституциялық сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп танылды.

Конституциялық сот өз қорытынды шешімдерінде 6 ай шамасында Парламентке немесе Үкіметке заңнаманы қайта қарау немесе жетілдіру бойынша ұсынымдар береді.

- Қоғамда бірқатар заң жобасы үлкен резонанс тудырған болатын. Мәселен, олардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң жобасы бар. Конституциялық сот тарапынан осындай қоғамдық резонанс тудыратын мәселелерге мониторинг жүргізіле ме? Пісіп-жетілмеген заң жобаларына, жалпы заңдарға қатысты жыл басынан қанша шағым түсті?

- Еліміздің Басты заңында Конституциялық соттың нақты қандай функциялар атқаратыны бекітілген. Атап айтатын болсақ, Президенттің, Парламент депутаттарының сайлауын және республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы дауларды шешеді. Конституциялық сотқа жүгіну құқығына ие тұлғалардың, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексереді. Конституцияның нормаларына түсiндiрме береді. Қандай да бір нормативтік актінің немесе оның жекелеген ережелерінің конституциялығын тексеру өтініш негізінде жүзеге асырылады. Яғни, заң шығаруға немесе оларды тексеруге өз бетінше бастамашылық жасамайды. Дегенмен, мен жоғарыда айтып кеткендей, 90 пайыздан аса өтініш кері қайтарылды. Алайда онда азаматтардың көтерген мәселелері, қандай нормативтік актілерге шағымданғаны біздің назарымызда.

Конституциялық сот конституциялық іс жүргізу практикасын қорыту нәтижелері бойынша жыл сайын Парламентке Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жібереді. Сонда бұл мәселелер де назардан тыс қалмайды. Онда конституциялық іс жүргізу қорытындылары, сондай-ақ азаматтардың қаралған өтініштері бойынша оны одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстармен ұлттық заңнамаға талдау жасалып, депутаттарға ұсынылады.

Жолдау Конституциялық сот шешімі нысандарының бірі саналады.

- Ал жалпы, Конституциялық сот жұмысын кім қадағалайды?

- Конституциялық сот – конституциялық бақылауды жүзеге асыратын тәуелсіз және дербес орган және ол сот жүйесіне кірмейді. Өз қызметін жүзеге асыру барысында Конституцияны және «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заңды басшылыққа алады.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар