14:23, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Азаматтардың конституциялық құқығын бұзғаны үшін құқық қорғау органдарының 10 қызметкері үстінен 6 қылмыстық іс қозғалды
АҚТАУ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Былтыр прокурорлармен тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бойынша тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстардың 76,5 пайызы сотқа жолданған.
Тіркелген 47 кісі өлтіру қылмысының 36-сы ашылды. Қасақана кісі өлтіруді тергеу қорытындылары, сонымен қатар белгісіз жағдайда жасалған қылмыс нәтижелері 2 рет облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде қаралды. Бұл туралы облыс прокуроры Асқар Досекеновтың төрағалық етуімен 2008 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осы кезеңде прокурорлар жасырылған 79 қылмысты анықтап, есепке алды. Қылмыстарды есепке алу-тіркеу тәртібін бұзғаны үшін 51 лауазым иесі тәртіптік жазаға тартылды. Азаматтардың конституциялық құқығын бұзғаны үшін құқық қорғау органдарының 10 қызметкері үстінен 6 қылмыстық іс қозғалып, соның 8 тұлғаға қатысты 5-і бойынша айыптау үкімдері шықты», дейді облыс прокуроры А.Досекенов.Қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығына келсек, 2008 жыл бойынша облыстық соттың апелляциялық сатысында қаралған істер бойынша прокурорлардың наразылықтарымен 72 тұлғаға қатысты заңсыз сот үкімдері өзгертіліп, бұзылды, прокурор наразылығының тиімділігі 92 пайыз құрады. Ал, талдау көрсеткендей, қадағалау тәртібінде прокурорлардың 23 тұлғаға қатысты келтірген 18 наразылығының 17-сі қанағаттандырылды.