Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау - көлік полицейлерінің басты міндеті (ФОТО)

Шараға Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы Ержан Саденов және темір жол мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жақында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының сьезінде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, мемлекет тұрақтылығын сақтауда полицияның халық алдындағы жауапкершілігі мен беделін көтеру керек екендігін атап өтті. Әсіресе, халықтың арыз-шағымына ден қойып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қадағалау полицейлердің басты міндеті екенін қадап айтты. Сондықтан да Көліктегі ІІД-де өткен Қоғамдық кеңесте осы мәселелерге ерекше назар аударылды.
Жиын барысында Департамент басшысының орынбасары полиция полковнигі Б. Арғынбаев: «Қылмыстық кудалауды жүзеге асыру кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау туралы» баяндама жасады. Ол алдымен жыл басынан бері қолданысқа енгізілген жаңа заңнамалардың тиімділігіне тоқталып өтті. Мәселен, ағымдағы жылдың 2 айында Департементтің желілік бөліністерінде 1080 арыз бен шағым тіркелген. Қазіргі таңда департаменттің қызмет көрсету аумағында келіп түскен арыз шағымдарды тіркеу 100 пайыз қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, анықтау басқармасы өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артық (425 тен 796 іске дейін) іс тергеген. Оған біріншіден жаңа үлгідегі тергеу мен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген көші-қон, әкімшілік, криминалдық полиция қызметкерлеріне тергеуді жүргізу құқығының берілуі септігін тигізген.
Бүгінде көлік сақшылары темір жол вокзалдары мен әуе көлігі нысандарында орын алған қылмыстық істерді тергеу барысында жіберілген кемшіліктердің себептерін анықтап, келешекте болдырмауға жан жақты әрекет етуде. 2014 жылы тергеушілер мен анықтаушылар сотқа жолдаған қылмыстық істердің жартысы жеңілдетілген өндіріспен аяқталған (1305 істің 656-сі), оның 39-ы ауыр қылмыстар санатында (2013 жылы - 17) болған. Бұл істерді тергеу барысында бірде бір заңбұзушылық фактілеріне жол берілген жоқ.
Осындай шаралардың жылдан жылға ауқымының өсуіне қарамастан тергеу және жедел қызмет қызметкерлері заңдылықты сақтай отырып, өз міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыруда. Алдағы уақытта да азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау көлік сақшыларының негізгі приоритеттік бағыттарының бірі болып қалады және ол ұдайы бақылауда болады.
Жиында қылмыстық кудалауды жүзеге асыру кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында Бас көлік прокуратурасымен бірге атқарылып жатқан нақты іс шаралар талқыланды.
Басқосуда қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Оспанов қызметкерлердің жаңа заңнамаларды терең зерттеп, білімдерін ұдайы жетілдіріп отыру керектігін нықтап айтты.
Жиын соңында кеңес мүшелері заңбұзушылықтардың алдын алу және де халықтың ІІО-на деген сенімін нығайту үшін көлік полицейлерінің жауапкершілігін арттыру, қызметкерлердің кәсіби білімдерін жетілдіріп, азаматтардан келіп түскен арыздарға уақтылы және объективті түрде шара қолдану мәселелерін жандандыру туралы шешім қабылдады.