Азаматтарға арналған үкімет арқылы өтетін мәмілелер қаржылық мониторинг бақылауына беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет ұялы байланыс теңгерімін толықтыру операцияларын қаржылық мониторинг бақылауына алмақшы. Мәжілісте осы нормаларды заңнамаға енгізетін құжат бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Құжатты таныстырған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов кәсіби жылыстатушылар заң жетілген сайын әккіленіп бара жатқанын айтты.
- Заң жобасы агенттікке қылмыстық кірістерді жылыстату, заңсыз қызметті қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларын талдап, мониторинг жүргізу міндеттемесін жүктейді, - деді ол.
Айтуынша, бұл агенттікке қаржылық қылмыстардың жолын жоспарлау кезеңінде-ақ кесуге мүмкіндік береді
- Бұдан басқа ұялы байланыс операторлары мен Азаматтарға арналған үкімет қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері болады. Ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал Азаматтарға арналған үкімет нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлік пен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер туралы ақпарат беретін болады. Бұл нормалар күдікті операцияларды тиімдірек анықтап, жолын кесуге ықпал етеді, - деді Жеңіс Елемесов.
Еске салсақ, Мәжіліс ақпан айында ғана ақшаны жылыстатуға қарсы күрес туралы заң қабылдаған болатын.