«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының инфрақұрылымы жекешелендіріле ме

АСТАНА. KAZINFORM – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының барлық инфрақұрылымы мемлекеттік қызмет көрсетуге жұмылдырылған. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.

Правительство РК ҚР Үкіметі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Қолданыстағы заңнама және ішкі регламент аясында Мемлекеттік корпорацияның («Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы) бэк-офис функцияларын беру, сонымен қатар инфрақұрылымдарын жекешелендіру жүргізіліп жатқан жоқ және жекешелендірілмейді. Мемлекеттік корпорация мемлекеттік стандарттарға және бекітілген талаптарға сәйкес қызметін жалғастырады. Мемлекеттік қызмет көрсетуге жұмылдырылған барлық инфрақұрылым мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында тұр», - деді ол жауабында.

Оның атап өтуінше, корпорацияның құрылымын, қызметтік міндеттерін кез келген өзгерту немесе міндеттерін бөлу заңнама мен нормативтік құжаттар аясында ғана жүргізіледі. Мұның үстіне барлық іс-қимыл ашықтықты, есептілікті және көрсетілетін қызметтер сапасының жоғары деңгейін сақтауға бағытталады.

«Мемлекеттік корпорацияның инфрақұрылымы мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру үшін ғана арналған және азаматтарды қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету рөлін орындауын жалғастырып келеді», - деді Роман Скляр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауылдық жерлердегі «Қазпошта» бөлімшелері мемлекеттік қызметтер көрсетуі мүмкін.

Мұнан бөлек, Үкімет ХҚКО-лардағы «жәрдемшісымақтардан» құтылу үшін орталықтарда мемлекет реттейтін және бақылайтын серіктес ұйым енгізеді.

 

Соңғы жаңалықтар