«Азаматтарға арналған үкіметтің» 111 байланыс қызметіне кімдер көбірек жүгінеді

Азаматтарға арналған үкімет
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет»

АСТАНА. KAZINFORM — «Азаматтарға арналған үкіметтегі» 111 байланыс орталығы төрт ай ішінде 9 мыңға жуық қоңырау қабылдаған. Оның 500-ге жуығы зорлық пен қатыгездік жайында және оның көбі балаларға қатысты болған.

Азаматтардың ең көп сауалы заңгерлік кеңес, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты. 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 111 қызметімен жағдайға бейжай қарай алмайтын азаматтардың көмегімен соңғы айларда бірнеше қиын жағдай шешілді. Атап айтқанда, мүгедек қыздың мектептегі зорлық-зомбылықпен күресуіне көмек берілді, ер адам құлдықтан құтқарылды, әкімдіктің қолдауымен аз қамтылған отбасына өрттен кейін тұрғын үйі қалпына келтірілді, жалғызбасты қарт әкенің ұлын циркке апару арқылы арманы орындалды, сонымен қатар, оқушы балаға күнделікті мектепке қатынауы үшін жол жүру картасын алуға көмек көрсетілді. 111 қызметінің кеңесшілері әрбір қоңырауды жеке мәселе ретінде емес, белгілі бір отбасының бірнеше мәселесін шешу мүмкіндігі ретінде қарастырады.

«111 қызметіне жүгінетіндердің 60 пайызы – 30 бен 44 жас аралығындағы әйелдер. Бұл – бала құқығын қорғап, отбасындағы озбырлыққа қарсы күресетін ең белсенді қоғамдық топ. Байланыс орталығының заңгерлері мен психологтары хабарласқан әрбір адамға мәселесі шешілгенше қолдау көрсетіп, кеңес береді, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына ақпарат береді.

Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғаудағы 111 қызметі 2023 жылдың 16 қазанынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілген болатын. 111 нөміріне тәулік бойы қоңырау шалуға болады, анонимдік және жеке деректердің қорғалуына кепілдік беріледі. Байланыс орталығы құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста, барлық қоңырауларды тіркеп, дағдарыс шешілгенше әрбір отбасының жағдайын бақылайды», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ХҚКО қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді қоғамдық орындарда көрсететінін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар