Азаматтарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан бас тарту құқығы беріледі

Азаматтарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан бас тарту құқығы беріледі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» pаңы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform.  

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеу мақсатында әзірленді. Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған заң дербес деректерді қорғауды күшейтуге және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеуді құқықтық жетілдіруге бағытталған. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының төрт кодексіне және он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қазіргі таңда дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, интернет алаяқтардың көбейіп, олардан мыңдаған қазақстандық зардап шегіп жатыр. Сондықтан біріншіден, заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы бағытында мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Дербес дерекке ие операторлармен профилактикалық жұмысты жолға қояды. Әр оператор дербес деректер жария болып кеткен жағдайда реттеуші мемлекеттік органға хабарлауы заңмен бекітіліп отыр», - деді заң жобасы туралы баяндаған сенатор Бибігүл Жексенбай.

Оның атап өтуінше, екіншіден, арнайы Мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығының функциялары кеңейтіледі. Орталық мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне өзара әрекеттесу бағдарламасымен толықтырылады. Қазір еліміз бойынша 350-ге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысандары жұмыс істейді. Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жанында жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ заң бойынша жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады. Еліміздің қауіпсіздігі мақсатында көшіп келушілердің құжаттарын талап ету ұсынылады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тетіктер енгізіледі.

«Заңның бір бөлігі цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау рәсіміне арналады. Сонымен қатар алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында адамдарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі. Жалпы заңдағы іс- шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейтіп, электронды үкіметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», - деді ол.

Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанда ІТ-мемлекетке айналдыруды маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгілегендігіне баса назар аударды.

«Жалпы, қазіргі таңда елімізді цифрландыру ісі қарқынды дамып келеді. Бүгінде азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электрондық форматта жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы артып отыр. Осыған байланысты бір топ Парламент депутаты қаралып отырған заңды әзірледі. Заң азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталған. Сонымен қатар осы құжат аясында цифрлық майнинг саласындағы бақылау күшейтіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан ары дамуына септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Сенат спикері.

Соңғы жаңалықтар