Азаматтық алуға арналған тест қашан өтетіні белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлер үшін тестілеуге өтініштерді қабылдау 3-10 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.
Өтініш беру Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 11 ақпанда өтеді.
Тестілеу 3 бөлімнен тұрады:
- қазақ тілі бойынша тест (қазақ тілінде) — 30 тапсырма, шекті балл — 15;
- Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) — 40 тапсырма, шекті балл — 20;
- Қазақстан тарихы бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) — 30 тапсырма, шекті балл — 15.
— Ең жоғары балл — 100, шекті балл — 50. Тестілеу уақыты — 2 сағат 10 минут. Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) тұлғаларға тестілеу тапсыру үшін қосымша 30 минут беріледі. Тестілеуге қатысу құны — 14 693 тг, — делінген хабарламада.
Дайындығын жақсартуды қалайтын үміткерлер үшін ақылы (app.testcenter.kz сайтында «Байқау сынағы» бөлімінде — 3355 тг.) байқау сынағы ұсынылған.
Бұдан бұрын биыл ETS-пен ұлттық тестілеу жүйесін реформалау жобасы іске қосылатынын жазған едік.