Ашхабад әуежайында қалып қойған қазақстандықтардың жағдайы қалай
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті Ашхабад әуежайында ұзақ уақыттан бері ұшаққа отыра алмай отырған қазақстандық жолаушылардың жағдайына байланысты ресми мәлімдеме жасады.

— FlyDubai хабарлауынша, қазір Екатеринбургке ұшатын рейске отырғызу аяқталып жатыр. Астана-Дубай рейсі үшінші кезекте тұр, отырғызу сағат 23:00–де басталады. Бастапқы ұшу уақыты 22:00–ге жоспарланған болатын, бірақ әуежайдың рейстерге қызмет көрсетудің кешігуіне байланысты ұшу кейінге шегерілді. Азаматтық авиация комитеті кідірістерді азайту үшін әуежай және әуе компания өкілдерімен тұрақты байланыста, — делінген хабарламада.
Комитеттің баспасөз қызметі жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын және әуежай мен әуе компания өкілдерімен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
Жолаушыларға сабыр сақтап, әуежай таблосы мен ресми ақпарат көздеріндегі жаңалықтарды бақылап отыру ұсынылды.
Еске салсақ, жұмаға қараған түні Израиль Иранның бірқатар ядролық нысандарына соққы жасаған болатын. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Қазақстан Таяу Шығыс елдеріне әуе кеңістігін жапты.