Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Макинск қаласында ТЖМ жаңа бөлімшесі ашылды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

- Негізгі бағыттардың бірі - азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту. Бүгінгі күні азаматтық қорғау қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысы және қызметі бойынша басқа өңірге көшкені үшін қосымша ақы төленбейді. Бұл төлемдерді белгілеу қызметкерлерге, әсіресе жылжымайтын мүлік құны қымбат өңірлерде тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі. Сонымен қатар, өмір сүру жағдайлары қауіпті шалғай және жетуі қиын жерлерде, атап айтқанда төтенше жағдай, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жерде жұмыс істегені үшін өтемақы төленбейді, санаториялық-сауықтыру ем-домымен қамтамасыз етілмейді. Сондай-ақ казармалық жағдайда болғаны үшін тамақтандыру қарастырылмаған. Осы өтемақылар қызметкерлерге олардың кәсіби қызметтеріне байланысты төнетін қауіп-қатерлер мен қиындықтарды өтейді, - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Оның айтуынша, тұрғын үй төлемдері мен үстемеақыларды белгілеу білікті мамандарды тартуға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі.

Атап айтқанда, адамдар жаппай жиналатын объектілерді сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр.

- Соңғы жылдары адамдар жаппай жиналатын объектілер мен биік ғимараттарды өрт нормаларын сақтамай салу жағдайлары жиілеп кетті, кейін оның салдары өрттердің орын алуы мен адам өліміне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Министрлікке биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру өкілеттігі бекітіледі. Сондай-ақ жаңадан жобаланатын «Хан Шатыр» әрі «ЭКСПО» сияқты құрылысы ерекше нысандарға қатысты арнайы техникалық шарттарды келісу нормасы енгізіліп отыр, - деді министр.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша айтар болсам, өндірістегі авариялардың негізгі себебі - жабдықтардың тозуы. Бүгінгі таңда жабдықты ауыстыруды көбінесе қысқа мерзімде қайта қаржыландыруға мүдделі емес объекті иелері өздері жүзеге асырады. Технологияларды, құрал-жабдықтарды және жұмыс әдістерімен бірге, қайта жабдықтау процесін тиімді ұйымдастыру үшін министрлікке қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жабдықтаудың жиынтық жоспарын келісу өкілеттігі беріледі.

Сонымен қатар, туристердің қауіпсіздігіне қатысты жаңа нормалар енгізіліп жатыр.

Мұнымен қоса, министрлікке сейсмикалық қауіптілікке бағалау жүргізу өкілеттігі беріледі.

Соңғы жаңалықтар