02:52, 04 Сәуір 2015 | GMT +5
Азаматты ұрып-соққан полиция қызметкерлері сотталды - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау аудандық соты ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша айып тағылған аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторының бұрынғы көмекшісі Ж.Сұлтанғалиев пен техник-криминалист Д.Парадаға қатысты үкім шығарды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жәбірленушінің арызы негізінде ұрып-соғу фактісі бойынша аудан прокуратурасы аталған қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Атап айтқанда, Сұлтанғалиев пен Парада қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, әкімшілік айыппұлды төлемегені үшін аталған тұрғынды соққыға жыққан. Сөйтіп төменгі жақ сүйегін сындырып, денсаулығына орташа дәрежеде зақым келтірген.
Алдын ала тергеу барысында күдіктілер кінәсін мойындап, процессуалдық келісімдер жасалған.
Сот үкімімен сотталушылардың әрқайсысына ҚР ҚК 63-бабы 3-бөлігі қолданылып, шартты түрде бес жылға пробациялық бақылау орнатылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.