Азаматтығын ескертпей ауыстырғандар жауапкершілікке тартылады - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелге көшіп кеткен кейбір қазақстандықтар басқа елдің азаматтығын алғаны туралы уақтылы ескертпей жатады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Азаматтығын ескертпей ауыстырғандар жауапкершілікке тартылады - ІІМ

«Мұндай мәселе бар. Бұл - біздің мемлекеттік органдардың жүйелері бірлесіп, интеграциялана бастаған кезде елден көшіп кеткен азаматтарға байланысты. Адамдар кеткенімен, ресми түрде көшіп бара жатқанын ескертпеген. Заңнамалық тәртіпте кетіп бара жатқанын құжат түрінде растаса да, олар барған елдің азаматтығын алған. Ол туралы бізге ескертпеген. Бірақ біздің Әкімшілік кодексте басқа елдің азаматтығын алғанын уақтылы ескертпегені үшін жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпау керек», - дейді Галина Сәрсенова Астана қаласының Алматы аудандық № 5 ХҚКО-ның бөлімшесінде тілшілерге берген сұхбатында.

Оның пайымдауына қарағанда, қазіргі уақытта бірнеше мемлекетпен аталған бағытта тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп, азаматтық алу туралы өзара мәліметтерді алмасып тұру үшін халықаралықкелісімдерге қол қойылуда.

«Бүгінгі күні мұндай жұмыс Шекара қызметтерінің өткізу пунктерінде жүргізіліп жатыр. Ақпараттың қайдан белгілі болғанына қарамастан (азаматтың өзі айтса да немесе басқа да ақпарат көзінен белгілі болса да) біз барлық жағдайларды тіркеп отыратын боламыз. Мұндай құжаттар Ресейден біздің елге қорап-қорабымен жеткізіледі. 2008, 2009, 2010,2011 жылдары азаматтық алғандарды біз осы жүйеге енгізіп жатырмыз. Бұл сандар қазір біздің қолымызда», - дейді Галина Сәрсенова.