Азаматтық авиация академиясында ИКАО-ның оқу орталығы ашылады

None
None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация академиясының базасында халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азия елдері мен Қазақстан үшін авиациялық қауіпсіздік бойынша авиация мамандарын даярлайтын ИКАО-ның субөңірлік оқу орталығы құрылатын болады.

«Бұл орталықты құру Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев пен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың Азаматтық авиация академиясында   кадрларды даярлаудың сапасын арттыру бойынша біріге отырып бекіткен бұйрығына сәйкес қабылданған 2012-2015 жылдарға арналған Ведомствоаралық іс-шаралар жоспарының бір тармағы болып табылады», - делінген ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтерінде.

Жалпы авиация мамандарын даярлау жоспарын іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Онда  халықаралық стандарттарға көшу, оқу үдерісіне сертификаты бар оқытушылар мен нұсқаушыларды тарту, оқу және материалдық-техникалық базаны нығайту шаралары қамтылған.

Алғашқы кезеңде Академияда халықаралық стандарттарға сәйкес авиация инженерлері мен механиктерін даярлауға арналған оқу орталығын құру көзделуде. Одан әрі орталық ұшқыштарды даярлайтын болады.

Халықаралық талаптарға сай оқу бағдарламалары қайта қаралып, оқытудың қазіргі заманғы технологиялары, соның ішінде қашықтан оқыту технологиясы енгізілетін болады,

Оқу базасын нығайту мақсатында зертхана базалары қазіргі заманғы тренажерлермен қайта жабдықталып, студенттердің әлеуметтік жағдайы жақсартылатын болады.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовтің айтуына қарағанда, қабылданып отырған шаралар азаматтық авиация саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге негіз болмақ.

Соңғы жаңалықтар