Азаматтық қаруын жоғалтқан тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады - ІІМ
АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Соңғы 3 жыл ішінде пәтер тонау нәтижесінде үй иелерінің мыңға жуық азаматтық қарулары ұрланған, олардың жартысы (554 дана) былтыр ұрланған. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.
Ресми өкілдің айтуынша, соңғы уақыттары еліміз бойынша пәтер тонау, осы ретте үй иесінің мүлкімен қоса азаматтық қарулардың яғни аңшы мылтықтары, травматикалық, газды тапаншалардың қолды болуы фактілері кең өріс алуда.
«Біз ол қарулардың заңсыз айналымға түсу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Тергелген қылмыстық істердің қорытындысы - қару ұрлау көп жағдайда үйге жасырынып кіру, есікті сындыру немесе қару сақталған сейфтің құлпына келетін кілттерді іріктеп алу жолымен жүзеге асырылғандығын көрсетіп отыр», - дейді Н. Ораз.
Оның сөздеріне қарағанда, көп жағдайда қаруға арналған сейфтерде алтын, ақша және басқа да құнды заттар сақталған, бұл қару сақтау талаптарын бұзу болып есептеледі. Кей кездері қару ұрлау оның иелерінің тұрғылықты мекенжайларында ұзақ уақыт болмау кезінде жүзеге асқан. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қару ұрлығына байланысты қылмыстар жөнінде ескерту үшін Ішкі істер министрлігі азаматтық қару иелерін қару-жарақ пен оқ дәрілерін сақтау бойынша заңдағы нормаларды қатаң сақтап, ережелерді бұзбауға үндейді.
«Сонымен қатар пәтер ұрлығына және қылмыскерлерді ұстауда уақытылы іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін саудадағы сан түрлі күзет, бөлмені байқау және бақылау жүйесінің заманауи технологияларын пайдалану ұсынылады. Бұдан бөлек қару иесінің ұзақ уақыт үйінде болмау жағдайларында (іс-сапар, демалыс және т.с.с.) өздеріне тиесілі қару-жарақ пен оқ дәрілерді уақытша сақтау мақсатында тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер органдарына тапсыруы тиіс», - деп атап өтті ресми өкіл.
Осыған орай, Ішкі істер министрлігі азаматтық қару иелеріне қару сақтаудың бекітілген ережелерін бұзуға, сондай-ақ оны ұқыпсыз сақтауға байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктелетіндігі туралы ескертеді.
«Қаруды жоғалту немесе ұрлату жағдайлары орын алған кезде қару иесі бұл жөнінде ішкі істер органдарына шұғыл түрде хабарлауға міндетті. Және әрбір факті бойынша қосымша тексерістер жүргізіледі», - деп атап өтті Н. Ораз.