Азаматтық қорғау саласын дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары бекітілді
«Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары бекітілсін. Төтенше жағдайлар министрлігі жылдың қорытындысы бойынша 15 ақпаннан кешіктірмей ҚР Үкімет Аппаратына Жоспардың іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын», - делінген Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойған Үкімет қаулысында.
Құжатта жазылғандай, кешенді жоспарға сай, уақыт күттірмейтін мына жұмыстар қолға алынады:
- Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша жұмыстарды орындау үшін көлік құралдары мен арнайы инженерлік техниканы сатып алу;
- Халықты қорғауға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу (оның ішінде тексеру және мониторинг) және оларды жоюға арналған жабдықтар сатып алу;
- Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша, оның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарының, роботтандырылған техниканың жұмыстарын орындау үшін жабдықтар сатып алу;
- Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша жұмыстарды орындау үшін авиациялық техниканы сатып алу;
- Арнайы атақтар берілген азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру;
- Басқа жерге көшуге, сондай-ақ өз мүлкін тасымалдағаны үшін шығындарды өтеуге байланысты қызмет бабы бойынша ауысқан кезде арнайы атақтар берілген азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы төлеу;
- Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен ТЖМ-нің әскери қызметшілеріне еңбекақыны 10%-77% дейін арттыру;
- Төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге тұрақты дайындығы үшін өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақысынан 10% үстемеақы белгілеу;
- Лауазымдық жалақысынан 70% көлемде құтқарушыларға денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыс үшін қосымша ақы енгізу;
- ТЖМ-нің объектілерін күрделі жөндеуден өткізу;
- Жаңадан пайдалануға берілетін объектілер үшін штат санын ұлғайту және шағын өрт сөндіру бөлімдерін жасақтау мәселесін пысықтау.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, осы шараларды іске асыру арқылы мына нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған:
- мемлекеттік орман қорының орман өрттерінен қорғалу деңгейін 40 % арттыру;
- азаматтық қорғау органдарының бөлімшелері қорғайтын елді мекендер санын ұлғайту (317-ден 323 дейін) - 82% - 84% дейін;
- табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою уақытын 15 минуттан 13 минутқа дейін төмендету.;
- авиациялық техникамен қамту аймағын ұлғайту (33-тен 49 бірлікке дейін) 55% - 81% дейін;
- көлік құралдарының санын (3 345-тен 4 274 бірлікке дейін) 66,8% - 85,3% дейін ұлғайту;
- жабдықтармен және құрал-жабдықтармен жарақтандыруды ұлғайту (216 386-тен 334 433 бірлікке дейін) 44,4% - 68,7% дейін;
- орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесінің табиғат қорғау және орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды 100%-ға дейін жеткізу;
- табиғат қорғау мекемелерін орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен қамтуды 15%-ға дейін жеткізу;
- қазіргі заманғы техникалық ақпараттандыру және құлақтандыру құралдарын енгізу арқылы халықты құлақтандырумен қамтуды ұлғайту (1 714 -тен 4 339 бірлікке дейін) 19% -дан 49%-ға дейін.