Азаматтық құқық саласында білікті заңгерлерді даярлаудың жаңа жобасы іске асырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда білікті заңгерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған Caspian Dream Team әлеуметтік-білім беру жобасы іске асырылмақ. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихатында жоба авторлары мәлімдеді.
None
None

Каспий қоғамдық университетінің профессоры, жоба авторы, заң ғылымдарының докторы Роман Подопригораның айтуынша, Caspian DreamTeam - азаматтық құқық саласында жүзеге асырылатын тегін бағдарлама. Жоба бойынша Каспий қоғамдық университетінде алдағы жаңа оқу жылынан бастап, 25 студент оқитын болады. Олар ұлттық бірыңғай тесті 70 баллдан жоғары тапсырған және бесінші пән ретінде дүниежүзілік тарихты таңдаған талапкерлер арасынан таңдап алынады. Бүкіл шығынды Каспий қоғамдық университеті өз мойнына алады. Ал бағдарлама бойынша оқыту - бір студент үшін жылына 1 млн. 200 мың теңгені құрайды.

Іріктеу 4 кезеңнен тұрады: ҰБТ-да алған балл бойынша байқау, эссе, жалпы білімін тексеретін тест және әңгімелесу.

«Бағдарламаны бітірушілер үш тілді білетін маман болып шығады. Ол үшін студенттер аптасына 5-6 сағаттан қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқиды. Сонымен қатар, студенттер жылына бір рет шет елге барып, шет тілі бойынша білімдерін жетілдіреді және шет елдік оқу орындарында білім модульдерін алады», - деді Р. Подопригора.

Ол сонымен қатар, жоба бойынша әсіресе практикаға басымдық берілетіндігін жеткізді. Өйткені, жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмысқа ала бермейтіні анық. Дипломы бар мамандар көп болғанымен білікті маманды табу өте қиын.

«Кейбір жас мамандар құжаттарды дұрыс толтырмайды. Көпшілік алдында дұрыс сөйлей алмайды. Сондықтан біздің жобада студенттер екінші курстан бастап-ақ, сот отырыстарына қатысып, заңгерлік компанияларға бара бастайды. Ондағы мақсат - теория мен практиканы ұштастыру. Ал үшінші курстан бастап, әр студенттің өз менторы (жұмыс істейтін заңгер) болады. Студенттер іс жүзінде ментордың жұмысына көмектесіп, оның ассистенті болады. Ал үшінші курстан соң, жұмысқа орналастыру бойынша заңгерлік компаниялар арасында осы бағдарлама студенттері үшін байқау өткізіледі», - деді жоба авторы Р. Подопригора.

Айта кетелік, жоба бойынша пән саны 30 пайызға артырылады және тәжірибелік білім беру модульдеріне басымдық беріледі.

Соңғы жаңалықтар