Азат Перуашев: «Ақжол» партиясы ЕЭО-тан үлкен нәтиже күтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, журналистер алдында баяндама жасаған Азат Перуашев интеграциялық үдерістердің пайдалы тұстары жайында мәлімдеме жасады.
None
None

«Ақ жол» партиясы жетекшісінің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтан партия қатарындағы кәсіпкерлер де үлкен үміт күтеді екен.

Еуразиялық экономикалық одақ ірі тарихи маңызы бар шара екендігін айтқан ол:

- Біз «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлердің партиясы ретінде осы шарадан үлкен нәтиже күтудеміз. ЕЭО аспаннан түскен сый емес екендігінде түсінуіміз керек. Өйткені бұл үлкен жұмыс, үлкен жауапкершілік. Сол себептен ЕЭО-тан өз елімізге табыс алып келу үшін, оның пайдасын көру үшін бар қабілетімізді салып жұмыс істей алуымыз керек, - деп ойын тарқатты.

Интеграцияның дұрыс қадам екендігін Еуропалық одақ, АҚШ-Канада-Мексика аралық кедендік одақ, Азия аймағындағы алянстарды мысалға ала отырып айтқан депутат ЕЭО қазақстандықтарға да үлкен мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Ол сондай-ақ, аталған одақтың кәсіпкерлер арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыратындығын алға тартып отыр.

«Бәсекеге қабілеттілерге емес, алға жылжып, алдына нақты мақсаттар қойып, жұмыс істеп жатқандардың жағына ұмтылу қажет. Интеграция өз-өзіңмен жұмыс істеуді қолға алуға талпыныс береді. Өйткені интеграция - өзара бәсекелестікті жоғарылата отырып, өз-өзіңе баға беру деген сөз. Экономикада жан жағыңа жалтақтап, әлсіздер мен бәсекеге қабілеттілерге қараудың қажеті жоқ. Алға жылжып, алдына жоғары мақсаттар қойып, жұмыс істеп жатқандардың жағына ұмтылу қажет. Қазіргі уақытта Кеден одағы аясында сәтті жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер көп. ЕЭО-ға мүше бола отырып, олар ондай үлкен бәсекелестерге қарсы тұра алмаймыз деп шағымдануы мүмкін.Бірақ, олардың шағымданбай, бәсекелестіктен қорықпай өз жұмыстарын жалғастырған бірнешеуі ғана діттеген мақсаттарына жетеді. Дәл соларды өнімдеріне сұраныс көп болып, олардың табыстары да, жаңа жұмыс орындары да көп болады. Сондықтан, біз кәсіпорындарымыздың өркендеп алға жылжуы үшін ынталандырып отыруымзы тиіс, - дейді Перуашев.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында ашлыған кәсіпорындар 2-3 жыл сайын есеп беріп отырса деген ұсынысын айтқан депутат:

«Олар өздерінің еңбектерін, осы жолда қандай қиындық кездестіргендерін Елбасына, халқына көрсетсе әдемі лентаны кесу салтанаты ғана емес, істеліп жатқан еңбектері де бағаланар еді. Әйтпесе мемлекеттік бағдарлама арқылы ашылып бүгінгі күні «металдан жасалған ескерткіш» сынды болып тұрған кәсіпорындар қаншама» деді ол.

Брифинг барысында журналистер сауалына жауап берген Азат Перуашев қазақстандық жастар үшін Ресейдің жоғарғы оқу орындарына есіктің айқара ашылғандығын да айтты.

«Бүгінгі күні білім жүйесі мен ғылымды дамыту ең маңызды дүниелердің бірі болып тұр. Ресейдің білім жүйесі әлем бойынша ең сапалылардың бірі болып табылатындығы құпия емес. Еуразиялық экономикалық одақ аясында біз өзімізге Ресейдің білім жүйесіне, яғни біздің мамандар мен екі елдің жоғарғы оқу орындарының өзара еркін қарым-қатынасына жол ашып отырмыз», - деп сөзін қорытты «Ақ жол» партиясының жетекшісі.

Соңғы жаңалықтар