Азаттық алаңы
Әдетінше, бүгін де ол таңалакеуімнен тұрып, ұшы-қиыры жоқтай көрінетін әсем қаланың ең қасиетті орны - орталық алаңға немересінің көлігімен жетті. Тақтайдай теп-тегіс көшелерді аралай жүріп, ғасыр құрылысы атанған зәулім үйлер мен көкпен таласқан ғимараттарға таңданыспен көз қиығын салады. Күн озған сайын құлпырып, көріктене түскен келбеті сүйсінтпей қоймайды. Жанына жұмақ орнатқан атажұрттың ауасын жұтып, суын ішкелі туған жерге, Отан-анаға деген сарғайған сағыныштың жалыны басылғандай. Кемел келешек пен нұрлы болашаққа кәміл сенген асқақ арманды тізгіндеп, тек қана алға қарай ұмтылуды ұрпағының санасына сіңіріп отыратын ақ самайлы қария Тәуелсіздік монументіне тағзым етіп, азаттықтың ақ таңын атқызар жолда жанын пида еткен құрбандардың рухына Құран бағыштауды айнымас парызы санайды.
Иә, бұл алаңда ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығының ақ таңы атып, бодандықтың бұғауы үзілген. Еркіндіктің, елдіктің лебі ескен. Осы жолда ұлт мұратын ұран еткен жалынды жастарымыздың қаны төгіліп, жаны қиылған. Міне, қарт жүрегін кеудесіне сыйдырмай азаттық алаңына алып келетін кемел күштің қасиеті де осында жатыр.
Көк аспанға иек артқан ескерткіштен ұлттың рухы, ерік-жігері төгіліп тұрғандай әсер қалдырары хақ. Еңселі ескерткіштің тарихына көз жүгіртер болсақ, 1996 жылы ел тәуелсіздігінің бес жылдығына орай бой көтерген монументтің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев пен сол кездегі Түркия Президенті С. Демирель қатысқан. Содан бері тәуелсіз ел тарихында ерекше маңызға ие монументке арнайы келіп, тағзым етушілер қатары үзілмеген.
Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан Тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 метрге дейін бой түзеген. Зеңгір көкке көтерілген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның Елтаңбасы ойылып түсірілген. Қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауытбұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы аса айбарлы кейіпте бейнеленген. Ұлы Даланы білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған хас батырдың алып бейнесі ерлік пен өрліктің белгісін білдіреді.
Күн сәулесінен қабағын көлегейлей көкке көз тіккен қарияға монументтің әр деталі ой салып, мұңға батырады. Ғасырлар қойнауынан сыр тартатын тарих толқыны қарт жүрегін қарып өтеді. Оған Тәуелсіздік монументінің екі қапталын айнала қазақ халқының мың өліп, мың тірілген тарихынан үн қататын шағын архитектор-мүсіндемелік бедерлі бейнелер, яғни сонау сақ дәуірінен тәуелсіздікке дейінгі тарихи кезеңдердің бейнеленуі есті адамды ерекше әсерге қалдырады. Көңіл толқытады. Ауқымы кең монументті жиектей жүріп, көңіл таразысына салса, сонау Томирис заманынан бастап әл-Фараби, Қазақ хандығының құрылуы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, ұлт-азаттық қозғалыстар мен Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан көтерілісі мен тәуелсіздіктің жариялануын көрсететін көрініс-суреттердің орналасуы тарихты тілсіз сөйлетіп тұрғандай.
Діңгектің төрт жағында орналасқан төрт мүсіндік бейне де Тәуелсіздік монументінің архитекторлық және мүсіндік шешімін дәл тапқандығымен ерекшеленеді. Кеудесі алтын сандық абыз ата мен қойнауы құт, жүрегі мейірімге толы ақ жаулықты Жер-ана және олардың алдыңғы жағындағы құлыншаққа мінген бала мен қыздың бақытты бейнесі ұлттық рух пен салт-дәстүрден сыр ақтарады.
Сырға толы суретті-мүсіндерге бажайлай көз тоқтатып, қабағын қалың ой тұмшалаған қария өзінің ата-бабасының ғасырлар бойы аңсап, жете алмай кеткен қасиетті де киелі ұғым - тәуелсіздіктің ақ таңының арайлап атқанына мың да бір шүкіршілік етеді. Қиындық пен қуаныштың табы тереңдей түскен әжімді жүзіне қан жүгіріп, әп-сәтте мейірімнің шуағы төгіледі. Мұндайда ертеңгі күнін жалғастырар немересін мейірлене иіскеп, талайлы тағдырына тәубе келтіреді. Тәуелсіздіктің небәрі 25 жылдық тарихында төрткүл дүниеге танылған Қазақстанның қарыштай дамуына қажыр-қайратын жұмылдырып отырған Елбасының ерен еңбегіне сүйсінеді. Тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, тұғырының биіктей түсуіне үлес қосар ұрпақтың білімді де білікті, жігерлі болуын тілеп, бата-тілегін арнап отырады. Аспанмен астасқан Алатаудың қарағайлы орманы тәрізді көгеріп-көктеуін, құрақтай жайқалып өсіп-өнуін тілеуден әсте жаңылған емес. Ізінен ілескен ұрпағын ұлтын, елі мен жерін сүюге, тілі мен дінін құрметтеуге баулып, бағыт-бағдар беру де аталық парызы. Тәуелсіздік монументіне сықырлаған сүйегін сүйретіп келіп, тәу етудің де басты мақсат-мұраты осы болса керек, деп жазады «Жетісу» газеті.
Ұлбосын ИСАБЕК