Әзербайжан Арменияның жаңа Конституция жобасын құптады
АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжан Арменияның жаңа Конституция жобасында өзіне қатысты аумақтық талаптардың болмауын оң бағалап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.
Бұл туралы Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов 23 қарашада Бакуде Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таянимен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Байрамовтың айтуынша, Армения Конституциясынан Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптар алынып тасталса, екі ел бейбіт келісімге қол қоя алады.
Бұған қоса Байрамов Конституциялық референдум өткізу мен оның мерзімін белгілеу Арменияның ішкі ісі екенін, бұл мәселені Баку шешпейтінін айтты. Ал Премьер-министр Никол Пашинян жариялаған Ата заң жобасына қатысты министр құжатқа тұтастай баға беруді мақсат етпейтінін жеткізді.
Оның сөзінше, Әзербайжан үшін жаңа Конституцияда елге қатысты аумақтық талаптардың болмауы айрықша маңызды. Сыртқы істер министрінің бағалауынша, жарияланған құжатта мұндай талаптар қазір жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ильхам Әлиев Армения Конституциясындағы Әзербайжанға аумақтық талап қоюға негіз болатын ережелерді алып тастау бейбіт келісімге түпкілікті қол қоюдың басты шарттарының бірі екенін мәлімдеген еді.
Сонымен қатар Армения Премьер-министрі Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қою және оны ратификациялау мәселесін 2031 жылға дейін шешуді мақсат етіп отырғанын жазған едік.