Әзербайжан балық өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан отандық азық-түлік өнімдерін, әсіресе Еуропалық Одақ елдеріне шығару мүмкіндігін кеңейту және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында реттеу және бақылау шараларын жалғастырып жатыр, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Азық-түлік қауіпсіздігі агенттігінің Ақпараттық қамтамасыз ету және инновациялық шешімдер бөлімі хабарлағандай, бұл бағытта бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, балық шаруашылығында өсірілген бекіре тұқымдас балықтардан алынатын уылдырық өнімдеріне қатысты жыл сайын табысты орындалып келе жатқан мониторинг жоспарлары бар. Соның нәтижесінде аталған өнімдерді Еуропа нарығына экспорттауға 2025–2026 жылдарға рұқсат күшінде сақталып отыр.
Сонымен қатар, агенттік ЕО нарығына балық өнімдерін шығару мақсатында арнайы мониторинг жоспарын әзірлеп, оны Еуропалық комиссияның Денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Бас директоратқа ұсынды. Еуропалық құрылым тарапынан техникалық бағалау жүргізілгеннен кейін, Әзербайжан балығының ЕО нарығына экспортына арналған бұл жоспар мақұлданды.
Айта кетейік, жануарлардан алынатын азық-түлік өнімдерін ЕО елдеріне экспорттау үшін елдің азық-түлік қауіпсіздігі жүйесі, заңнамасы, сондай-ақ бақылау және реттеу шаралары еуропалық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл бағытта Әзербайжан өз міндеттемелерін жүйелі түрде орындап келеді және халықаралық әріптестерімен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты жалғастырады.
Бұған дейін жануарлар мен құстардың ауруларына байланысты Әзербайжанда кейбір өңірден импортқа уақытша шектеулер енгізілгені белгілі болды.