Әзербайжан бауырлас ел ретінде Қазақстанның барлық жетістіктеріне қуанады – ӘР Елшісі
- Елші, мырза! Бүгінде елдеріміздің арасындағы екіжақты қарым-қатынас қайдеңгейдежәне оларды дамытуперспективасы жайлы не айтар едіңіз?
- Әзербайжан мен Қазақстан - стратегиялық серіктес әрі одақтас елдер. Көптеген фактор жемісті ынтымақтастықты жолға қою үшін берік негіз қалай отырып, елдерімізді біріктіреді. Бұл - ортақ тарих, әсіресе түркілік тамырымыздың ортақтығы, халықтарымыздың мәдени құндылықтарының жақындығы, сондай-ақ Каспий маңындағы көршілігіміз. Бұл ретте қазіргі аймақтық және жаһандық процестерге көзқарастардың ұқсастығы маңызды рөл атқарады. Осылайша, елдеріміз бен халықтарымызды одан әрі жақындастырудың, мемлекеттеріміз арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытудың барлық алғышарттары бар. Аталған факторлардың барлығына сүйене отырып, екіжақты қатынастардың даму келешегі зор деп айтуға болады.
- Осы күзде Қазақстан Президенті Әзербайжанға сапарлаған еді. Осы сапар қорытындысын қалай бағалар едіңіз?
- Асыра айтқандық емес, бұл сапар қарым-қатынасымыздың тарихындағы жаңа кезеңді ашты. Сапар бағдарламасы өте мазмұнды болды. Мемлекет басшылары арасындағы шағын құрамда да, кеңейтілген форматта да күнтәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы талқыланды. Тараптар екіжақты қатынастар, халықаралық мәселелер бойынша өте мұқият келіссөздер жүргізді және елдеріміздің барлық мәселе бойынша ұстанымдарының сәйкес келетінін білді.
Сапар барысында қандай маңызды оқиғалар болғанын бәріміз байқадық. Бұл, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке елдеріңіздің ең жоғары марапаты «Алтын қыран» орденін тапсыруы болды. Біз бұл марапатты бүкіл Әзербайжан халқына құрмет белгісі ретінде қабылдаймыз.
Сонымен қатар Мемлекет басшылары қазақстандық «BI-Group» компаниясы Физули қаласында салатын Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығын дамыту орталығының жобасымен танысты. Осы бастамасы үшін Қазақстанға алғысымызды білдіреміз. Балаларды дамытуға арналған барлық әлемдік стандарттарға сай заманауи орталықтың құрылысы - бұл халықтарымыз арасындағы бауырластық қатынастардың тағы бір көрінісі.
Президенттер Баку қаласының Приморск ұлттық саябағында тігілген Қазақ киіз үйіне барды. Мемлекет басшылары үшін киіз үйде қазақтың ұлттық дастарханы жайылды. Президенттер қазақ музыкалық тобының өнерін тамашалады.
Сапар дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында өткенімен де ерекше болды және осыған орай Президенттер бір-біріне құттықтау айтты.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, сапар өте сәтті және жемісті болғанын және жақын арада Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық, бауырластық қатынастар жаңа жоғары сатыға көтерілетінін айтқым келеді. Қазақстанмен қарым-қатынас мұнан ары да Әзербайжанның сыртқы саясатында басымдыққа ие болады.
- Сапар қорытындысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылған болатын.Олардың ішінен қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?
- Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында мықты шарттық-құқықтық база бар. Өйткені соңғы 30 жыл ішінде ынтымақтастықтың түрлі саласын қамтитын 100-ден астам шартқа, келісімдерге және басқа да құжаттарға қол қойылды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президентінің ресми сапарының қорытындысы өзара қарым-қатынастардың қолданыстағы заңдық негізін одан әрі нығайту тұрғысынан да ерекше болды. Сапар барысында құжаттар топтамасы рәсімделді. Олардың арасында «Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияны» ерекше атап өткім келеді. Осынау маңызды құжатқа қол қою арқылы біздің одақтастық қатынастарымыз тағы бір рет бекітіліп, ең жоғары деңгейде расталды.
-Бүгінде елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық үшін барынша келешегі зор деп қандай салаларды айтар едіңіз?
- Елдеріміз арасында екіжақты қатынастардың кең ауқымы бойынша сындарлы ынтымақтастық жолға қойылған. Бұған жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, парламентаралық байланыстар, министрліктер мен ведомстволар желісі бойынша белсенді өзара іс-қимылдар ықпал етеді.
Сауда, энергетика, транзит пен көлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы, білім беру және туризм сияқты салалардағы өзара іс-қимылды көздейтін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істейді. Комиссия отырысы жыл сайын өткізіледі. Онда тараптар істің ағымдағы жағдайын қарайды және одан арғы қадамдарды айқындайды.
2022 жылғы 4-5 шілдеде Астана қаласында өткен комиссияның соңғы 18-отырысының қорытындысын өткен жылдардағыдай нәтижелі болды деп сипаттауға болады. Оның аясында басым бағыттар бойынша жан-жақты талқылаулар мен маңызды шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда елдеріміздің іскер топтары мен бизнесмендері арасында тікелей байланыс орнату маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Бұған біз ерекше мән береміз және осы бағытта да күш саламыз.
Пандемияның әлемдік экономикаға теріс әсеріне байланысты елдеріміздің арасындағы тауар айналымында белгілі бір құлдырау байқалды. Дегенмен, өткен жылдан бастап айтарлықтай өсім байқалатыны қуантады. 2021 жылдың қорытындысында елдеріміздің арасындағы тауар айналымы шамамен 300 миллион долларды құрады. Ал осы жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 369 миллион долларға жетті. Бүгінгі таңда Әзербайжанның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 204 миллион долларға жетті. Ал Әзербайжанға салынған қазақстандық инвестиция көлемі 100 миллион долларға жетті. Осылайша, цифрларды сөйлетсек, сауда-инвестициялық қызметте прогрессивті динамика мен прогресс айқын байқалады. Қазақстан Президентінің елімізге ресми сапары барысында екі мемлекет басшылары таяу болашақта өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізу мақсатын айтты. Меніңше, бар әлеуеттімізді ескерсек, оған қол жеткізуге болады.
Гуманитарлық ынтымақтастық - бұл әрқашан назар аудару керек сала. Өйткені бұл адамдарды жақындастырады. Әрине, екі елдің тығыз саяси және экономикалық диалогымен қатар, біз мәдениет, білім, ғылым және өнер саласындағы осы байланыстарды ықыласпен қолдаймыз.
Ғылыми мекемелер арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. ҚР және ӘР білім беру мекемелерінде оқу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін екі елдің студенттерімен тұрақты негізде алмасу жүргізіледі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев атындағы орталық, Баку мемлекеттік университеті жанындағы Абай Құнанбайұлы атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы бар.
Баку қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы көше, ал Сумгаит қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше бар. Қазақстанда да Әзербайжанмен байланысты көшелер бар. Мысалы, Астана қаласындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені, Алматы қаласындағы Физули атындағы көшені айтуға болады. Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев атындағы көшені Астана қаласының лайықты орнына көшіру туралы шешімі үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ризашылығымды білдіремін.
Оқырмандардың назарына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізге сапары аясында басқа да құжаттармен қатар Әзербайжан Республикасының Шуша қаласы мен Қазақстан Республикасының Түркістан қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы хаттамаға, Әзербайжан Республикасының Мингячевир қаласы мен Қазақстан Республикасының Орал қаласы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді. Мұндай құжаттарға қол қою басқа да іс-шаралармен қатар, азаматтарымыздың бір-бірін одан да жақсы тани түсуіне ықпал етеді.
Мұның бәрі және тағы басқалары бауырлас халықтар саналатын, өзінің сенімді тіректерінде нық тұрған Қазақстан-Әзербайжан достық көпірін құрайды.
- Бүгінде Қазақстан үшін Әзербайжан арқылы Еуропаға шикізат пен жүк тасымалдаудағы ынтымақтастық мәселесі өзекті. Ынтымақтастықтың осы бағытына қатысты пікіріңізді білсек және нақты қандай жобалар бар?
- Екі елдің де маңызды трансқұрлықтық көлік-коммуникациялық дәліздерде тиімді орналасуы бізге осы саладағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді. Әзербайжанда да, Қазақстанда да осы мақсат үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи теңіз порттары, темір жолдар, автомобиль жолдары, басқа да қажетті инфрақұрылым салынған және осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Бұл тұрғыда Еуропаға және кері бағытта жүктерді тасымалдау үшін қысқа және үнемді бағдарды қамтамасыз ете алатын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі немесе Орта дәліздің өзектілігі артып келе жатыр. Бұл - Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын мультимодальды көлік дәлізі. Ең бастысы, мемлекеттеріміздің күшті саяси еркі және оның дамуы мен жұмыс істеуіне қатысты өзара толық түсіністік бар. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездесуі барысында Орта дәліздің маңыздылығын атап өтті.
Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қалпына келуімен аймақта көлік-коммуникация саласында жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Ең алдымен Зангезур дәлізі іске қосылды. Ол Оңтүстік Кавказдың және одан тыс жатқан барлық басқа елдің экономикалық өркендеуіне қызмет етеді.
Біз елді жаңғыртуды ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның реформалар бағдарламасын құптаймыз. Қазақстан серпінді даму жолымен сенімді түрде алға жылжып, өмірдің барлық салаларында табыстарға қол жеткізді. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар мен жасампаз жұмыстар бауырлас елдің жан-жақты өркендеуіне қызмет етеді. Бұл реформалар алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін, одан әрі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Жақында Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммиті, ТМД мемлекеттері басшыларының отырысы және басқа да халықаралық деңгейдегі іс-шаралар Қазақстанның әлемдік аренада атқаратын маңызды рөлін және елдің жоғары беделін тағы да айқын көрсетеді.
Осы жетістіктердің барлығы таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетеді. Әзербайжан бауырлас ел ретінде Қазақстанның барлық жетістіктері мен табыстарына қуанады.
- Сұхбатыңызға рақмет!