Әзербайжан-Иран шекарасында жүк тасымалы тоқтатылды
АСТАНА.KAZINFORM — Әзербайжан Министрлер Кабинетінің шешімімен Иранмен мемлекеттік шекара арқылы жүк көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі тілшісі Министрлер Кабинетіне сілтеме жасай отырып.
— Халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына қайшы келетін осы шабуылдардан туындаған жағдайды ескере отырып, Министрлер Кабинетінің шешімімен Әзербайжан мен Иран арасындағы барлық шекара өткелі арқылы жүк көліктерінің (транзиттік көліктерді қоса алғанда) қозғалысы уақытша және толығымен тоқтатылды, — делінген мәлімдемеде.
Бұл шара 5 наурызда Иран Ислам Республикасының аумағынан Нахчыван автономиялық республикасындағы азаматтық инфрақұрылымға жасалған дрон шабуылдарынан кейін енгізілді.
Шабуыл Нахчывандағы халықаралық әуежайға, мектепке және басқа да нысандарға бағытталған. Бірнеше бейбіт тұрғын жарақат алды, ал әуежай терминалының ғимараты зақымдалды.
Сарапшылардың пікірінше, жағдай қысқа мерзімде аймақтық сауда айналымын азайтып, жеткізу тізбектеріндегі кідіріске әкелуі мүмкін. Дегенмен ұзақ мерзімді перспективада бұл шешім аймақтағы көлік бағыттарын қайта бөлуге және балама дәліздердің маңыздылығының артуына әкелетінін жоққа шығаруға болмайды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттары Нахчыван қаласындағы әуежайды атқылауына байланысты ұстанымын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бауырлас, одақтас Әзербайжан еліне қарсы жасалған әрекетті қатаң айыптайды.
Президент болған оқиғаның мән-жайы Иран тарапымен бірлесіп егжей-тегжейлі тергелетініне, сондай-ақ екі ел арасына сызат салған жағдай аймақтағы ахуалды ушықтырмау үшін дипломатиялық тәсілдер арқылы реттелетініне сенім білдірді.