Әзербайжан Ирандағы елшілігі қызметкерлерін эвакуациялауды аяқтауға жақын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Тегерандағы дипломатиялық мекемеге жасалған қарулы шабуылдан кейін Әзербайжан Ирандағы елшілігі қызметкерлерін эвакуациялау шараларына кіріскен болатын. Елдің сырты істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Айхан Гаджизаде эвакуациялау аяқталып қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат haqqin.az-ға сілтеме жасап.
None

Айхан Гаджизаде атап өткендей, бүгін елшілік қызметкерлері мен олардың отбасылары мүшелерін, сондай-ақ қайтыс болған Орхан Аскеровтің денесін елге жеткізу жоспарланып отыр. Марқұмның денесін Әзербайжанға жеткізу мақсатында шығарылған ұшақ Тегеран әуежайында тұрғаны айтылады.

Еске салсақ, Ирандағы Әзербайжан елшілігінде 27 қаңтар күні таңертең атыс болып, дипломатия өкілдігінің күзет басшысы қаза тапты, ал оның екі әріптесі жарақат алды.

Иранның Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян мәлім еткендей, Иранның арнайы қызметі мен қауіпсіздік қызметі «бұл – террорлық әрекет немесе ұйымдасқан қылмыс емес, жеке адам тарапынан жасалған қастандық» деген қорытындыға келген.

Алайда, Баку бұл оқиға «жеке немесе отбасылық себептерден болды» дегенге келіспейді.

«Біз бұл шабуылды айыптаймыз және Иран үкіметінен арандатушыларды анықтауға қажетті шаралар қабылдауды талап етеміз. Иран тарапы біздің елшілікке шабуыл жасалмауын қамтамасыз етуі керек еді. Тегеран Ирандағы Әзербайжанға қарсы науқанға байланысты тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Кейінгі айларда ирандық БАҚ-та Әзербайжанға қарсы ауқымды насихат жүріп жатыр, бұл осы шабуылға итермелеген болуы мүмкін. Әзербайжан қашанда Иранмен тату көршілікті қолдайтын, бірақ мынадай арандатушылықтар жағымсыз әсер етеді», - деген болатын Әзербайжан сырты істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Айхан Гаджизаде.

Айта кетсек, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ирандағы Әзербайжан елшілігіне жасалған шабуылды қатаң айыптады.

Соңғы жаңалықтар