Әзербайжан мен Армения шекараны белгілеу тәртібін талқылады
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан мен Армения шекарасында екі елдің вице-премьерлерінің төрағалығымен мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 10-шы кездесуі өтті. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі хабарлайды.

Кездесу барысында Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев пен Армения Премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян делимитациялық жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін шекара учаскелерінің кезегі мәселелерін талқылады.
Тараптар делимитациялық жұмыстарды жүргізу тәртібі бойынша тиісті нұсқаулықтардың жобалары бойынша пікір алмасты.
Әзербайжан мен Арменияның делимитациялық комиссияларының регламенті 1 қарашада күшіне енетіні айтылды. Екіжақты комиссияның кездесуі аяқталғаннан кейін вице-премьерлер көлік коммуникациялары мәселелерін бөлек талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел комиссиясының кезекті отырысын өткізу күні мен орнын жұмыс тәртібіне сәйкес белгілеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
25 қазанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы шекараны делимитациялау және қауіпсіздік жөніндегі комиссияның бірлескен қызметі туралы ережені бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
24 қазанда Армения президенті Ваагн Хачатурян армян-әзербайжан шекарасын делимитациялау ережесін ратификациялау туралы заңға қол қойды. 23 қазанда Армения Парламенті жоғарыда аталған ережені бірінші оқылымда мақұлдаған еді.
Еске сала кетсек, биыл 19 сәуірде Армения Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы шекараны делимитациялау мәселелері бойынша елдер комиссияларының сегізінші отырысы өтті. 23 сәуірде Армения мен Әзербайжан шекарасында алғашқы шекара бағаны орнатылған еді.