Әзербайжан мен Иран Каспий теңізінде коммерциялық кеме қатынасын қалпына келтірді
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан мен Иран арасындағы коммерциялық кеме қатынасы табиғи факторлардың әсерінен ұзақ уақыт тоқтап қалғаннан кейін Иранның Астара портында қайта іске қосылды. Бұл туралы Иранның жол және қала құрылысы министрінің орынбасары, Порттар және теңіз көлігі ұйымының басшысы Саид Расули мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі IRIB NEWS AGENTY-ге сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жүк көтергіштігі 1 600 тонна болатын Әзербайжаннан құрылыс материалдарын жеткізген жүк кемесі бірінші болып шыққан.
Бұған дейін бұл бағытта кеме қатынасы Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне және порттың кіреберіс арнасында айтарлықтай шөгінділердің пайда болуына байланысты тоқтатылған болатын. 2025 жылдың сәуір айынан бастап Астарада тереңдету жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда акваториядан шамамен 150 мың текше метр лай мен құм шығарылды. Бұл фарватер тереңдігін қалпына келтіруге және кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Саид Расули Астара портының мәжбүрлі үзілістен кейін ашылуы Иранның Каспий теңізіндегі көлік-логистикалық белсенділігін арттырып, аймақтық сауда байланыстарын нығайтуға және порт инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететінін баса айтты.
Иранның солтүстік бөлігінде орналасқан Астара порты Каспий теңізі бассейніндегі елдер арасындағы трансшекаралық тасымалдауда маңызды рөл атқарады және халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің бөлігі саналады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қытай мұхитты зерттеуге арналған интеллектуалды кеме жасап шығарғанын хабарлаған едік.