Әзербайжан мен Италия бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімге қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Екі елдің бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімге қол қойғанын Әзербайжанның Экономика министрі Микаил Джаббаров X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
– Италия-Әзербайжан дөңгелек үстелі барысында біз жаңа бірлескен өндірістік және қызмет көрсету кәсіпорындарын құруға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бастамаларды ілгерілетуге, білім алмасуды ынталандыруға бағытталған келісімдерге қол қойдық. Бұл келісімдер инновациялар мен экономикалық өсімге ықпал етіп қана қоймай, елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайта түседі, - деп жазды.
Италия-Әзербайжан сауда палатасының президенті Мануэль Тральдидің айтуынша, бірлескен кәсіпорын Әзербайжандағы өндіріс процестеріне италиялық озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, бұл экономиканы одан әрі әртараптандыруға ықпал етеді.
Бірлескен кәсіпорынның басым бағыттары ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторы, соның ішінде мұнай-химия және металлургия саласын қамтиды.
Айта кетейік, бейсенбі күні Италияға жұмыс сапары барысында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев президент Серджо Маттарелламен, Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджия Мелонимен және Eni S.P.A италиялық компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесті.
Тараптар Eni мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы – SOCAR арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде Баку мен Рим биоотын және биошикізат, парниктік газдар шығарындыларын азайту, сондай-ақ энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өндіру және мұнай-газ жобалары бойынша келісімдерге қол қойды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Әзербайжан мен Италия арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 15,7 миллиард долларға жетіп, мұнай мен газ экспорты 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Әзербайжаннан Италияға жеткізілген газ 5,5 пайызға өскен.