Әзербайжан Орталық Азия елдері бойынша сауда өкілін тағайындады

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан Экономика министрлігі Самед Гасановтың Орталық Азия елдері бойынша (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан) сауда өкілі болып тағайындалғанын хабарлады. Сауда өкілінің жұмыс орны Өзбекстан Республикасында орналасады, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Әзербайжан Орталық Азия елдері бойынша сауда өкілін тағайындадыам Центральной Азии
Фото: Oxu.az

Министрліктің мәліметінше, сауда өкілі Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда, Made in Azerbaijan брендін ілгерілетуде, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда, сондай-ақ мұнайға қатысты емес экспорт көлемін өсіруде маңызды рөл атқарады.

Самед Гасановты тағайындау Әзербайжанның Орталық Азия нарығындағы орнын нығайтып, біздің өндірушілер мен инвесторларға жаңа мүмкіндіктер туғызады, – деп атап өтті Экономика министрлігі.

Самед Гасанов 1990 жылы туған. 2012 жылы Әзербайжан мемлекеттік экономикалық университетін «Жалпы экономика» мамандығы бойынша аяқтаған, ал 2018 жылы Беларусь Республикасының Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінен «Құқықтану» мамандығы бойынша диплом алған.

2015 жылдан бастап Гасанов Әзербайжанның экспорт пен инвестицияларды ынталандыру қорында жұмыс істеп, бас жобалар менеджерінен инвестицияларды қолдау департаментінің директорына дейін өсті.

Бұған дейін Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне тең құқықты қатысушы ретінде ресми түрде қосылған болатын. Бұл форматқа қатысу мүше елдерге, соның ішінде сауда-экономикалық салада, ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар