22:15, 01 Сәуір 2015 | GMT +5
Әзербайжан президенті Қазақстан Елшісін қабылдады
БАКУ. ҚазАқпарат - Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бүгін осы елдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Амангелді Жұмабаевты оның дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты қабылдады.

Қазақстан Елшісі Амангелді Жұмабаев елші қызметінде болған уақытта еңбексүйгіш және қонақжай әзербайжан халқының оған жақсы ықыласпен қарағанын айтты. Ол Әзербайжан үкіметі мен ел президенті И.Әлиевке өзі қызмет еткен мерзімде елшіліктің қызметі үшін барлық жағдай жасалғанына орай алғысын білдірді. Аталмыш елдің басшысы Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық және бауырлық қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. А.Жұмабаевтың түрлі бағыттарда, соның ішінде саяси, экономикалық, интеграциялық үрдістер мен өзге де салаларда мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты байланысты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалаған Президент И.Әлиев оған келесі қызметтерінде жемісті жұмыс тіледі.