Әзербайжан Сирияны қалпына келтіруге қатысуға дайын – Ильхам Әлиев

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Анталияда өтіп жатқан 4-ші дипломатиялық форум аясында Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараамен кездесті, деп хабарлайды Әзербайжан президентінің ресми сайты.

Әзербайжан Сирияны қалпына келтіруге қатысуға дайын – Ильхам Әлиев
Фото: Әзербайжан президентінің ресми сайтынан

Кездесуде Ильхам Әлиев Сириядағы өзгерістерге қанағаттанғанын айтып, Ахмед аш-Шарааны құттықтады. Сондай-ақ ол Әзербайжан елдегі тұрақтылықты нығайту үшін Сирияны қалпына келтіруге қатысуға дайын екенін атап өтті.

Ахмед аш-Шараа Ильхам Әлиевке көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Әзербайжанның өз еліне энергетика, инфрақұрылым және қауіпсіздік салалары бойынша көп көмегін тигізіп жатқанын айтты. 

Ахмед аш-Шараа Сириядағы тұрақтылықты қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын тілге тиек ете келе, сыртқы факторлардың ықпалына алаңдаушылық білдіретінін жасырмады. 

Келіссөздер барысында көшбасшылар Әзербайжан-Сирия-Түркия үшжақты ынтымақтастық форматын дамыту мәселелесін талқылады. 

Екі елдің жоғары деңгейдегі ресми делегациясы мен іскер топ өкілдерінің өзара сапарларын жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Желтоқсан айында Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бұл елдің Сириядағы гуманитарлық мәселелерді шешуге үлес қосуға дайын екенін мәлімдеген. 

Бірер күн бұрын Нетаньяху кеңсесі Сириядағы жағымсыз оқиғалардың алдын алуға бағытталған деэскалация механизмін талқылау үшін Түркия мен Израиль делегацияларының Әзербайжанда кездесуін растады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Әзербайжанның Қытаймен қорғаныс саласы бойынша диалогты бастағанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар