Әзербайжан «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізіндегі жүк тасымалдау көлемін 5 миллион тоннаға дейін арттырады

АСТАНА.KAZINFORM — Бағыттың өткізу қабілетін жыл сайын 15 миллион тоннаға дейін кеңейту көзделген, деп хабарлайды Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрлігі.

Әзербайжан «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізіндегі жүк тасымалдау көлемін 5 миллион тоннаға дейін арттырады
Фото: Прайм

— 2028 жылдың қаңтарынан бастап Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі бойынша жүк тасымалдау көлемі жылына 5 миллион тоннаға жетеді, — деді Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәбиев ТМД теміржол көлігі кеңесінің 83-ші отырысында сөйлеген сөзінде.

Ол келесі кезеңде бағыттың өткізу қабілетін одан әрі кеңейту көзделіп отырғанын атап өтті.

— Біз оның өткізу қабілетін жылына 15 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Иранмен ынтымақтастық туралы айта келе, министр бірлескен инфрақұрылымдық жобалар қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді.

— Ирандағы Астара терминалындағы құрылыс жұмыстары айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді. Бұл нысан Әзербайжан тарабына 25 жылға ұзақ мерзімді жалға берілді. Біз оның құрылысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деп қосты ол.

Министр Зангезур дәлізі жобасының («Трамп бағыты» немесе TRIPP деп те аталады) ілгерілеуін атап өтті. Оның өткізу қабілеті 15 миллион тоннаға дейін жетеді, ал Агбендке дейінгі учаске 2026 жылы аяқталады.

Оның айтуынша, Нахчыван арқылы өтетін шамамен 200 шақырымдық теміржолдың құрылысы да жүріп жатыр.

Осы жылдың ақпан айында Әзербайжан Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін дамыту туралы келісімді мақұлдады, онда жыл сайын ел арқылы тасымалданатын жүктің кепілдендірілген көлемі белгіленді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, дәліздің өткізу қабілеті 2026 жылы Қазақстанның батыс аймақтарындағы шекаралық бекеттердің құрылысы аяқталғаннан кейін жылына 20 миллион тоннаға жетеді.

Соңғы жаңалықтар