Әзербайжан Трамп командасына USAID-тің заңсыз әрекеттері туралы фактілерді береді
АСТАНА. KAZINFORM – Баку АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігіне АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) республика аумағындағы заңсыз қызметі туралы фактілерді тапсырады. Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

– Қазір біздің Бас прокуратура USAID-тің заңсыз қызметін тергеп жатыр, маған алдын ала тергеу туралы хабар берілді. Оның нәтижелері ұйымның Әзербайжанға қарсы әрекеттерінің ауқымын, үкімет жұмысына кедергі келтіру әрекеттерін және біздің ішкі істерімізге араласу ниетін көрсетіп отыр. «Папка» дайын болғаннан кейін оны Трамп әкімшілігіне ұсынатын боламыз, сонда олар жемқорлыққа жол берген USAID және оның жемқор басшыларына қарсы нақты шаралар қолдана алады, – деді Әлиев Бакудағы «Жаңа әлемдік тәртіпке қарай» халықаралық форумында.
Айта кетейік, бұған дейін USAID-тың барлық қызметкері 30 қыркүйекке дейін жұмыстан босатылатыны хабарланды.
Қазақстан АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінен (USAID) 2024 жылы елімізді қаржыландыруға 10 миллион доллардан аз қаражат алған.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио X әлеуметтік желісінде USAID жұмысын қорытындылау барысында 83% бағдарламаны тоқтату жөнінде шешімге келгенін жазды. Қалған бөлігі мемлекеттік департамент құрамына кіретіні айтылған.
Трамп әкімшілігі USAID келісімшарттарының 90%-ын 60 миллиард долларға қысқартады.