Әзербайжанда Instagram мен TikTok қолжетімсіз болып қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда Instagram мен TikTok әлеуметтік желілеріне кіру қиындады. Қолданушылар бұл платформаларға тек VPN арқылы қосыла алатынын айтып шағымданып жатыр. Желі жұмысының бұзылуын кейбір сарапшылар мектептерде хиджаб киюге қатысты жаңа шектеулерге қарсы наразылықпен байланыстырады, деп хабарлайды BBC.
Басылым мәліметінше, ел тұрғындары Instagram мен TikTok-қа кіруде жаппай қиындықтарға тап болған. BBC тілшісі жүргізген тексеру барысында да әлеуметтік желілердің қалыпты жұмыс істемейтіні анықталған. Кейбір қолданушылар YouTube жұмысының баяулағанын, Gmail поштасына және интернетке қосылуда қиындықтар туындағанын хабарлаған.
Әзербайжан билігі әлеуметтік желілердің бұғатталғанын ресми түрде растаған жоқ және олардың жұмысының бұзылу себептерін түсіндірмеді.
Дегенмен бұл жағдай 21 қыркүйекте қабылданған мектеп формасына қатысты үкімет қауласына байланысты туындаған наразылықпен тұспа-тұс келді.
Құжатта хиджаб туралы тікелей айтылмағанымен, оқушылар мен мұғалімдердің киімі білім берудің зайырлылық қағидатына сәйкес келуі керектігі көрсетілген. Іс жүзінде бұл талап мектептерде хиджаб киюге тыйым салу ретінде қолданылып жатыр.
Жаңа тәртіпке қарсы бірқатар мектепте наразылық акциялары өткен. Оларға хиджаб тағатын қыздармен қатар басқа оқушылар, оның ішінде ұл балалар да қатысқан.
Әлеуметтік желілерде тараған видеолардың бірінде оқушылар «Хиджаб оқуға кедергі емес!» деп ұрандатқан.
Әзербайжан Ішкі істер министрлігі мектеп формасына қатысты талаптардың орындалуына кедергі келтірді деген күдікпен 37 адамның ұсталғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, бір топ адам Бакудегі мектептерде білім беру қызметкерлерімен жанжалдасып, мемлекеттік білім беру мекемелеріне залал келтірген, қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік қозғалысы мен мектеп жұмысына кедергі жасаған.
Сонымен қатар BBC-дің Бакудегі мектептердің біріндегі дереккөзі жоғары сынып оқушыларынан сақалдарын қыру талап етілгенін айтқан. Алайда үкімет қаулысында сақалға қатысты талап жоқ.
Бұл мәселе қоғамда түрлі пікір туғызды. Билікті сынаушылар жаңа шектеулерді діни сенім бостандығына қысым деп бағаласа, билік ұстанымын қолдаушылар оны зайырлы білім беру жүйесін қорғау және сыртқы діни ықпалдың алдын алу шарасы деп есептейді.
«Білім жөніндегі кеңес» қоғамдық бірлестігі хиджаб мәселесін саясиландырмауға шақырды. Ұйымның пікірінше, діни сезімді саяси мақсатта пайдалану қоғамдағы тұрақтылыққа, төзімділікке және ұлттық-рухани құндылықтарға кері әсер етеді.
Саяси шолушы Фархад Мамедов те балалардың сыртқы діни ықпал құралына айналмауы керектігін атап өтті.
Айта кетейік, Әзербайжанда мектепте хиджаб киюге қатысты шектеулер бұған дейін де енгізілген. 2011 жылы Білім министрлігінің осындай шешімі Баку мен Нардаран елді мекенінде жаппай наразылыққа ұласқан. Ол кезде полиция шеруге қатысушыларды ұстап, кейбірі бас бостандығынан айырылған.
Datareportal мәліметінше, халқы 10 миллионнан асатын Әзербайжанда 9,27 миллион интернет қолданушысы бар. Instagram аудиториясы 4,25 миллион, TikTok қолданушылары 7,61 миллион, ал Facebook аудиториясы 1,65 миллион адамға жетеді.