Әзербайжанда су тасқыны: 118 адам, оның ішінде 25 бала эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) нөсер жауын салдарынан су басқан аумақтарда қауіпсіздік шараларын қабылдау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Ведомствоның мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде барлығы 118 азамат, оның ішінде 25 кішкентай бала қауіпсіз аймақтарға жеткізілді.
Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына Азаматтық қорғаныс әскерлері, Мемлекеттік өртке қарсы қызмет, Ерекше тәуекелді құтқару қызметі, Кіші көлемді кемелерді бақылау және суда құтқару қызметі, сондай-ақ Сумгайыт өңірлік орталығының күштері жұмылдырылған.
Бұған дейін хабарланғандай, бастапқы кезеңде 84 адам, оның ішінде 20 бала қауіпсіз жерге көшірілген болатын.
Қазіргі уақытта ТЖМ күштері жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Осыдан бұрын Әзербайжанда бұрынғы әскери шеп аумағында мина жарылып, тұрғын жараланғанын жаздық.