Әзербайжанда сүйек кемігін трансплантациялау үшін шетелдік донорлар пайдаланылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда келесі жылдан бастап шетелдік банктердегі донорларды пайдалана отырып, сүйек кемігін трансплантациялау операцияларын бастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Әзербайжанның Медициналық аумақтарды басқару бірлестігінің (TƏBİB) атқарушы директоры Вюгар Гурбановтың айтуынша, осы бағытта тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр, ал алғашқы процедуралар шектеулі көлемде орындалады.
— Келесі жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау операциялары басқа елдердің донорлық базаларын пайдалану арқылы жүргізіледі. Бұл біздің денсаулық сақтау жүйеміз үшін маңызды қадам, — деді Гурбанов.
Оның айтуынша, Сүйек кемігін трансплантациялау орталығының зертханалары үйлесімділікке қажетті барлық тестіні жүргізуге толық дайын.
— Алдағы жылдың ортасына қарай шетелдік донорлардан пациенттерге жасалатын алғашқы трансплантацияларды көреміз деп күтіліп отыр, — деді TƏBİB басшысы.
Ол халықаралық донорлық банктермен ынтымақтастықтың кеңеюі пациенттер үшін трансплантацияға қолжетімділікті айтарлықтай арттыратынын және қан ауруларын емдеудің тиімділігін жоғарылататынын атап өтті.
Айта кетелік Қазақстан дәрігерлері Ауғанстандағы гуманитарлық миссияға қатысатыны туралы жазған едік.