Әзербайжандағы турнирде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 11 медаль алды
АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Гейдар Әлиев кубогы турнирінде қазақстандық боксшылар 11 медаль жеңіп алды.

Оның ішінде отандастарымыз 2 алтын, 4 күміс, 5 қолаға қол жеткізді. Ел құрамасынан ұлдарда Әмір Мухит (54 келі) чемпион атанды.
Ал Едіге Нұрқожа (50 келі), Жангелді Әлкен (63 келі), Дарын Тасмұхаменов (66 келі) және Темірлан Ералиев (70 келі) екінші орынға тұрақтаса, қола жүлдегерлер қатарында Әділет Абылайхан (48 келі), Заңғар Сайлаубек (54 келі) және Еркетан Жаркынбек (80 келіден жоғары) үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ қыздар арасында Аделаида Сәдуақасова (57 келі) чемпион атанса, Виктория Бишлер (50 келі) мен Ақерке Сердалы қола жүлдегер болды.
Құрама аға бапкер Бағдат Оңғарбеков жетекшілік етті.
Еске салсақ, бокстан Әлем кубогы 30 маусым - 6 шілде аралығында Астана қаласында өтеді.
Оған әлемнің үздік былғары қолғап шеберлері қатысады деп жоспарланып отыр. Ел құрамасы онда бірінші құрамымен шаршы алаңға шығады.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтті.
Ал үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Әзірге оның қайда өтетіні белгілі болған жоқ.